Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕКІБАСТҰЗ ТҰРҒЫНДАРЫНА КӨМЕК БЕРУДЕ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 06.12.2022 2889 0 пікір
ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕКІБАСТҰЗ ТҰРҒЫНДАРЫНА КӨМЕК БЕРУДЕ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Зекет және қайырымдылық» қоры Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайға байланысты шаһарда 26 қараша күні жедел штаб құрған болатын.

Сол күннен бастап жергілікті дін қызметкерлері, имамдар мен қор өкілдері жылусыз қалған үйлерге, басы-қасында жүрген жұмысшыларға көмек қолын созуда. Күні кеше Бас мүфти тапсырмасымен «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев пен Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы жедел штаб жұмысымен танысып, тұрғындардың жағдайын көріп қайтты.

Жедел штаб жетекшілерінің дәл қазіргі мәліметіне сүйенсек, Екібастұз мешітінің және өңірге қарасты аудандардың ұйытқы болуымен тұрғындарға 40 дана бөлме жылытқыш, 12 төсек орын жабдығы, 2 сөмке киім-кешек, 2 мақта шалбар мен 3 пима берілсе, жөндеу жұмыстарына 25 фонарик, дәнекерлеуге қажетті 20 қолғап, 20 дәнекерлеу шынысы, 20 жұмысшы қолғабы, 39 өзге де қажетті заттар жеткізілді.

Бұдан бөлек күніне 2 мезгіл ыстық тамақ 150-200 адамға тегін таратылып келеді. Сондай-ақ еліміздің әртүрлі аймағынан да имамдар мен мешіт жамағатының ұйытқы болуымен Екібастұз халқына көмек көрсетілуде. Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, жылусыз қалған тұрғындарға жылу сыйлаған барша ақжүрек азаматтарға алғысымызды білдіреміз, Алла разы болсын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру