Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«МҮФТИЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ» АЛҒАШҚЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТҮРКІСТАНҒА КЕЛДІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 05.05.2022 3245 0 пікір
«МҮФТИЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ» АЛҒАШҚЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТҮРКІСТАНҒА КЕЛДІ (ФОТО)

Түркістан қаласына Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Әли Ербаш бастаған алғашқы делегация келді. Құрметті қонақтарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақы дәстүрмен ақ дәм ұсынып, құрметпен күтіп алды.

Айта кетсек, ертең, 6 мамыр күні Түркістан қаласында түркі мемлекеттерінің «Мүфтилер алқасы» мәжілісі мен «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.  

Халықаралық конференцияға Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әмреев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбекұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Әли Ербаш, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Бас мүфти Аллашүкір Паша-Заде, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Замир Ракиев, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының бірінші орынбасары Хамитжан Ишматбеков, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ғалымдар мен облыс бас имамдары қатысады.

Мүфтилер алқасы мен халықаралық конференция мақсаты – түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу, Ахмет Ясауи бабамыздың, сонымен қатар түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Нәуәуи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу, діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеу.

Іс-шара барысында түркі мемлекеттері мүфтилері Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етіп, бабалар рухына 100 Құран хатым дұғасын жасайды. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру