Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАНТ МҮШЕСІ – МАҢҒЫСТАУ ӨҢІРІНДЕ (ФОТО)

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 26.03.2022 3446 0 пікір
РАНТ МҮШЕСІ – МАҢҒЫСТАУ ӨҢІРІНДЕ (ФОТО)

Осы аптада ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Батыржан Мансұров Маңғыстау өңіріне арнайы іс-сапармен барды.

Алдымен бөлім меңгерушісі Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешіті мен «Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының ұйымдастыруымен өңір имамдарына «Уағыз-насихат айтудың әдебі» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шараға облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, «Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры Азамат Нұғманұлы және Ақтау, Жаңөзен қалалары мен Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарының дін қызметкерлері қатысты.

Батыржан Берденұлы имамдар мен ұстаздарға бұл тақырыпты жан-жақты ашып, жамағатқа уағыз айту кезіндегі қажетті кеңестерін бөлісті. Сондай-ақ, уағызшының тұлғалық келбетіндегі «ықылас», «сенімділік», «жауапкершілікті сезіну» сияқты қасиеттердің және оның білімді болуы, тілінің тазалығы, дауыс ырғағы сынды қабілеттерінің маңыздылығына тоқталды.

Семинар соңында имамдар мен ұстаздарға сертификаттар табыс етілді.

Бұдан кейін РАНТ мүшесі Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД қарасты ГМ-172/10 түзету мекемесіндегі сотталған азаматтармен кездесті. Кездесу барысында Батыржан Берденұлы «Діни радикалдану – қоғамға қауіпті құбылыс» тақырыбында дәріс оқыды.

Аталмыш кездесуге Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Ахлиддин Мирсайдұлы және «Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры Азамат Нұғманұлы қатысты.

Ал кешкілік ақшам намазынан кейін Батыржан Берденұлы Жаңаөзен қаласының орталық «Әбіш қожа» мешітінде жамағатқа уағыз айтты. «Дінде орта жолды ұстану» тақырыбында насихат айтқан бөлім меңгерушісі кез келген нәрсенің бұзылмай сақталуын қамтамасыз ететін шектен шықпау ұстанымының дінді ұстанудағы маңыздылығына тоқталды.

Күндердің сұлтаны жұмада Батыржан Берденұлы Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде «Кішіпейілдік» тақырыбында уағыз айтты. Мешітке жиналған жамағатқа кішіпейіл адамның бойында болатын қасиеттерді тізбектеп, аят-хадистер мен қазақ ойшылдарының қанатты сөздерін тілге тиек етті. Жұма намазынан соң бөлім меңгерушісі жамағатпен бірге ел амандығы үшін дұға жасап, Маңғыстау жұртына есендік тіледі.

ҚМДБ тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес РАНТ және ЖАНТ мүшелері еліміздің түкпір-түкпірінде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айта кеткен жөн.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру