Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДІНИ БАСҚАРМА СПОРТ КЕШЕНІН САЛЫП, ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРДІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 19.02.2021 2208 0 пікір
ДІНИ БАСҚАРМА СПОРТ КЕШЕНІН САЛЫП, ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРДІ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында салынған спорт кешенін өңір тұрғындарының игілігіне берді.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлы қатысты.

Игі іс-шарада сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз өткен жылы 30 жылдық мерейтойымыздың аясында шалғай ауылдарға құдық, көпір, емхана, жол салуға үлес қостық. Осынау ізгі ісіміздің жалғасы ретінде бүгін спорт кешенін халық игілігіне беріп отырмыз. Мешіт, медресе салудың сауабы қандай үлкен болса, ел игілігі үшін берілген көпір, жол, емхана құдық, спорт кешені сынды ғимараттарды тұрғызу сондай қайырлы істің бірі. Осы іске үлес қосқан барша азаматтарға Алла разы болсын деймін. Біз мемлекеттің бұқаралық спортты дамытуға арналған бастамаларына үлес қосуды жалғастыра береміз. Өйткені жастардың жаны мен тән саулығы - маңызды мәселе. Оған үлес қосу – баршаға ортақ іс. Ғалымдарымыз: «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы» деген. Дене шынықтыру адам баласының тәнін ғана дамытып қоймай, рухани жақтан да тәрбиелейді. Өз нәпсісін жеңуге, өз денесін өзіне бағындыруға жәрдемдеседі. Өйткені, ол – қуат. Дене қуаты, ой ұшқырлығы, иман қуаты – ер жігіттің көркемдігі» деді.

Спорт кешенінің ашылу рәсімінде Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлы: «Құрметті Бас мүфти! Сізбен осындай игі іс-шараның куәсі болғаныма қуаныштымын. Өзіңіз бастаған имамдар қайырымдылық жұмыстарға белсенді түрде атсалысуда. Сізге және барша дін қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін. Осы кешеннен мықты спортшылар шығуына тілектеспін» деді.

Айта кетсек, спорт кешенінің жалпы аумағы – 1300 шаршы метр. Ғимарат халықаралық талаптарға сәйкес салынған.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі