Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БӨЛІМ БАСШЫСЫ АТЫРАУЛЫҚ ДІН МАМАНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz 27.01.2021 3157 0 пікір
БӨЛІМ БАСШЫСЫ АТЫРАУЛЫҚ ДІН МАМАНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ (ФОТО)

Бүгін Атырау облысына ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында Марат Бектазинов жергілікті имамдармен және ақпараттық технологиялар, әлеуметтік желі, жалпы медиа саласына жауапты мамандармен кездесу өткізді. Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде өткен кездесу барысында бөлім басшысы отандық медиакеңістіктегі діни, рухани дүниелерді таратуда Діни басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап, тәжірибесін бөлісті. Әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану жолдары туралы кеңірек айтып өткен бөлім басшысы ақпараттық тасқын дәуірінде рухани салада көштен қалмаудың маңызды екендігін атап айтты.

«ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ақпарат саласына айрықша назар аударып отыр. Биыл – қасиетті Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Осынау кезеңде руханиятымызды түгендеп, дәстүрлі дінімізді жаңғырту, ата-бабаларымыздан қалған ізгі дәстүрлерімізді дәріптеу, тілімізді, ділімізді насихаттауда ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздегі мешіттеріміздің саны артты. Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағына айналған мүфтият Әбу Ханифа мәзһабын дәріптеу, діни білім ордаларын ашуда үлкен жетістіктерді бағындырды.

Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет мүфтияттың төл арнасы – «Халық арнаның» ашылуы да символикалық мәнге ие. Сондықтан руханиятымызды, дінімізді,​ ділімізді дәріптеуде ақпараттық технологиялар мүмкіндігін мейілінше пайдалануымыз қажет. Осы ретте әр өңірдегі өкілдіктер жоспарлы жұмыс жүргізуі тиіс» деп атап өтті Марат Бектазинов.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру