Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі www.muftyat.kz 28.02.2020 4039 0 пікір
БАС МҮФТИ АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

Бүгін, қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы Орталық мешітінің жамағатымен жүздесіп, Алла үйіне жиналған қауымға уағыз айтты.

Жамағатқа алғыс айтудың мәні мен маңызын жеткізген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біз ең әуелі адам баласын жоқтан бар етіп жаратқан Жаратушы Иемізге шүкір айтамыз. Шынында, Алланың адам баласына берген нығметінің шегі жоқ. Әрбір атқан таңды амандықпен қарсы алудың өзі баға жетпес нығмет емес пе? Әр күнімізге шүкір дейміз.

Екіншіден, бізді өмірге әкелуге себепші болған, сәби сәтімізден мәпелеп, аялап өсірген ата-анамызға алғыс айтамыз. Осындайда халқымыздың: «Ата – қорған, ана – құрбан», – деген жүрек тебірентерлік қанатты сөзі еске түседі... Қорған болған әкемізге, баласы атқа қонса, тақымын қысатын анамызға алғыс айту – перзенттік парызымыз. Тағдыр жазуымен өмірден өткен болса дұға етіп, туыстары мен замандастарына қамқорлық жасау – мұсылмандық міндетіміз. Алла елшісі осындай амалға үндеген.

Үшіншіден, айналадағы кісілерге алғыс айту – адамгершілік борышымыз. Мұсылман баласы қандай да игілік пен нығметке бөленсе, әуелі Аллаға шүкір айтып, сол жақсылыққа себепші болған адамға алғысын білдіреді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға шүкір ете алмайды», – деген.

Айналамызға алғыс айтып, тілеулестігімізді білдіре жүрейік, ағайын! Сіздерге мың алғыс! Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай!» деді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын әр жылдары басқарған Ержан қажы Малғажыұлы мен Серікбай қажы Ораз да жұма намазына қатысып, елдің амандығын тілеп, дұға жасады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру