Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ: МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖ АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі www.muftyat.kz 14.03.2018 6516 0 пікір
ҚМДБ: МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖ АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде медресе-колледждер арасында олимпиада басталды. Осымен үшінші рет өтіп жатқан республикалық білім сайысының ашылу рәсіміне Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысты. 

Салтанатты жиында сөз бастаған Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы: «Біз діни салада дәстүрге айналған елеулі іс-шараларымыздың бірі – медресеаралық олимпиада қарсаңында бас қосып отырмыз. Бұл – «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарды» анықтайтын айтулы білім сайысы. Біз «баласы атқа қонса, үйінде тақымын қысып отыратын», болатын балаға болыса білетін жанкүйер жұртпыз. Бүгінгі сайыста топ жарып, жүлделі орынды жұлып алатындарыңызға мен бек сенімдімін. Шәкірттер, сіздерге сәттілік тілеймін. Ал ұстаздарға: «Шәкіртке берген білім мен тәрбиеңіздің жемісін көріңіздер», – дегім келеді. Алла Тағала баршамыздың білімімізді арттырып, ілімнің хикметін сезінуді нәсіп еткей!» – деп жарысқа қатысушы шәкірттерге бата-тілегін берді.

Айта кетейік, олимпиада келесі бағыттар бойынша өтеді:

1.«Фиқһ және ақида»;

2. «Құран және тәжуид»;

3. «Араб тілі».

Әр бағыт бойынша өткізілетін олимпиада 2 кезеңнен тұрады. II-турға бірінші кезеңде ең жоғары балл жинаған қатысушылар жіберіледі. Сөйтіп, II-турдың нәтижесі бойынша орындар белгіленеді. 3-курс пен 2-курс шәкірттерінің арасынан үш бағыт бойынша жеңімпаз болғандар өзара бас жүлде үшін бақ сынайтын болады. Бас жүлдені иемдену үшін әр курс бойынша жеңімпаз болғандар қатысқан бағытына қарамастан комиссия алқасы алдында жарыстың үш түрі бойынша сұрақтарға жауап беруі қажет. Сұрақтарға ең жақсы, толық жауап берген 3-курстың бір жеңімпазы мен 2-курстың бір жүлдегеріне комиссия алқасы бас жүлдені тағайындайды.

Республикалық олимпиадаға 54 ер бала, 18 қыз бала, жалпы саны 72 шәкірт қатысуда.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру