Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен Нұрбек қажы Әуезханұлы ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
«Нұрбек Әуезханұлы Есмағанбет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республикалық ислам діни бірлестігінің Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалсын», – делінген ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының ресми бұйрығында.
Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Алматы Орталық» мешітінің бас имамы қызметін атқарып келген Нұрбек қажы Есмағанбеттің жаңа қызметіне сәттілік тіледі:
БЕС ЖЫЛДАҒЫ БЕЛЕСТЕР
Уақыт қандай ұшқыр! Ата діннің аманатын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында еңбек етіп келген Нұрбек қажы Есмағанбет мырзаның Алматы қаласының бас имамы болғанына да 5 жыл өтіпті! Артқа бұрылып қарасақ, тарих қойнауына кеткен әрбір игілік хатталып жатыр. Алматы орталық мешітінің бас имамы Н.А.Есмағанбеттің 2013-2018 жылдар аралығында жүзеге асырған тың бастамалары мен атқарған шаралары да ауыз толтырып айтарлықтай.
2013 жылы Мешіт аулаларында балаларға арналған ойын алаңдарын орналастыру қолға алынды. 1-маусым «Балаларды қорғау» күніне орай балаларға арнап, дүбірлі іс-шара өткізу де қала имамының бастамасымен жолға қойылды.
Қала мешіттерінде LED ақпарат тақталарымен қоса, Алматы орталық мешітінде мешіт ішіндегі уағыздың сырттағы жамағатқа қол жетімді болуы үшін арнайы LED экран қойылды. Сол арқылы Рамазан айында күнделікті тағылымы мол бейне бағдарламалар көрсетіліп отырады.
Нұрбек имамның басшылығымен 2014 жылы «Бас мүфти жүлдесі үшін» Алматы қаласында «Қазақ күресінен» алғаш рет жамағаттар арасында республикалық турнир ұйымдастыру жолға қойылған болатын, ол əлі жалғасын тауып келеді.

2014 жылы Әбу Ханифа медресесінің 2-корпусы құрылып, бұрын 60 маман ғана дайындау мүмкіндігі болған медресе-колледжде бүгінде бір мезетте 150 маман даярлауға мүмкіндік туды.
2017 жылға дейін Алматы орталық мешітінің ресми сайты болған «azan.kz» діни ағартушылық порталын қазіргі күні әлемнің 148 елінен 6 миллионға жуық адам тұрақты қолданып, пайдалануда.
Осы жылдар аралығында Алматы орталық мешітінің сырты жарықтандырылып, қаланың әсемдік символына айнала бастады.
5 жыл ішінде Алматы қаласында 45 шәкірт Құран Кәрімді толық жаттап шықты.
Нұрбек қажы Ауесханұлының бастамасымен 3 тұрғын үй тұрғызылып, оларды Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мұқтаж отбасыларға табыстады.
Рамазан айында жамағатқа ХХІ ғасырға сай білім алу үлгісін көрсете отырып, «30 кітап кімге бұйырады?», «Раббым, білімімді арттыр» атты интеллектуалдық шараларын өткізу ісіне де Нұрбек қажы ең алғаш ұйытқы болды.
2 жыл қатарынан елімізде алғаш рет кеш көрермендері мен сахна өнерпаздары тек әйел-қыздардан тұратын тек әйелдерге арналған «Мәуліт» кеші ұйымдастырылды.
«Асыл арна» телеарнасында көрсетілген, көрермен көзайымы болған «Жас қари» теле жобасы да Нұрбек Ауесханұлы тұсында бастау алған тың жобалардың бірі болды.
5 жылдық көрсеткіш бойынша Алматы қаласының мешіттері 135.425 отбасына 677.120.000 теңге көлемінде қайырымдылық көмегін көрсетті.
44.857 шәкірт мешіт жанындағы сауат ашу курстарында Құран Кәрім оқып үйренумен қатар, Ханафи мазхабы ілімінен сусындады.
Соңғы 4 жыл қорытындысы бойынша 428 адам, Нұрбек қажы бастаған имамдар ықпалымен жат ағымдық пікірінен қайтты.
Қаржылық ашықтықтың үлгісі ретінде Алматы орталық мешітіне «Садақа қабылдау терминалдары» қойылды. Нұрбек қажы Есмағанбет Алматы қаласына өкіл имамдық қызметке келгеннен бастап мешіт саны 30-дан 49-ға артып, барлығы ата дініміздің бейбіт, дәстүрлі жолында қызмет етуде...
«Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі!» деген аталы сөз – азаматқа жүк. Нұрбек Әуесханұлы 2013-2018 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Орталық мешітте еңбек ету барысында осыны анық сезінді. Бес жыл аралығында ел қамында, дін қамында жүрген асыл азаматтармен қатар еңбек етіп, жақсылармен үзеңгілес болғанын мақтан тұтады. Ұлы Раббысына осындай тағдыры үшін шексіз шүкірін айтады!
Иә, ел болашағының еңселі болуы жолында еңбек еткенге не жетсін! Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болғай! Осы жолда қызмет қылып жүрген азаматтарға Алла жар болсын!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
www.muftyat.kz
26.01.2018
21458
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру