Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайының ҮНДЕУІ

www.muftyat.kz 09.12.2017 4013 0 пікір
Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайының ҮНДЕУІ

Құрметті отандастар!

Ел мұсылмандарының қара шаңырағы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мемлекетіміздің дінаралық және ұлтаралық достық пен өзара түсіністік, сыйластық сынды бастамаларына үлес қосып келеді.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңымызда мемлекеттік мәртебе берілген Абу Ханифа діни-құқықтық жолы –бабалардың дәстүрлі жолы. Ол халқымыздың әдет-ғұрпы, болмысы және ділімен біте қайнасқан. Бір мазһабта болу – ынтымақ пен бірліктің, һәм тұтастықтың кепілі. Еліміздегі барша мұсылман қауымын өзге дін өкілдерімен бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруге шақырамыз.

Бүгінде жас мемлекетіміз бағыт-бағдарын анықтап, экономикалық, саяси-қоғамдық өмірде ілгерілеп даму үстінде. Елбасының тікелей нұсқауымен үлкен межелер де белгіленді. Алла Тағала сол ізгі ниет-тілектерімізді Отанымыздың келешегінен көруге жазсын деп тілейміз!

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Астанада әр үш жыл сайын өтетін дәстүрлі дін көшбасшыларының съезінде дін қайраткерлерінің қоғамдағы орнын, атқаратын рөлін бағалай келе: «Дәл сіздер, діни көшбасшылар, әлемнің үйлесімді дамуының басты шарты – руханилықты қайта жандандыру жолында жолбасшы бола аласыздар», – деп белсенді қызмет етуге шақырды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласында сананы өзгерту, білімдегі бәсекелестік, дәстүрді жаңғырту сынды идеялар айтылды. Елдің руханиятын жаңғыртуға арналған бұл бастамаға баршамыз үн қосуымыз тиіс.

Біз, дін жолындағы қызметкерлер бүгінде қоғамда орын алған зұлымдық пен қатыгездікті, жауыздық пен алауыздықты адамгершілік қасиеттермен алмастыруға септігімізді тигізе беруіміз керек.

Дін тек адамзаттың жан-дүниесінің рухани азығы ғана емес, ол  пенденің жан-жақты дамуы мен кемелденіп жетілуінің негізі деп білген жөн. Мұсылмандық адамды имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеп, оны зиялылыққа шақырады, білімге жетелейді.

Біз, баршамыз дінді саяси мақсат пен жеке мүдде үшін пайдаланып, адамдарды тура жолдан адастырып, қайғы мен қасіретке душар ететін дінбұзарлардың әрекетіне қарсы тұруымыз керек.

Қадірменді бауырлар!

Бүгінгі құрылтай тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі қарсаңында өтіп отыр. Ендеше, тәуелсіздік алу қандай қиын болса, оны сақтап, келесі ұрпаққа аманат етіп қалдыру – одан да қиын борыш. Дін мен тәуелсіздік аманаты – әр адамға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ынтымақ пен бірліктің, тұтастықтың ұйытқысы болған халқымыздың болашағы баянды болғай!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру