Осыдан тура 100 жыл бұрын, 1917 жылы 18 желтоқсанда белгілі дінтанушы, ғалым, жазушы халифа Алтай Ғақыпұлы дүниеге келген болатын. Қасиетті Құранның қазақша аударма-түсінігін әзірлеп, ислам дініне ғана емес, өзге де ғылым салаларына сүбелі үлес қосқан, есімі ұлық жанның 100 жылдығына орай бүгін Ақтөбеде ғылыми-танымдық конференция өтті. Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті және облыстық «Руханият» музейінің бірлесе ұйымдастырған шараға мемлекеттік мекеме, ұйым өкілдері, мешіт имамдары, университет профессорлары мен ұстаздары, студенттері және қала мектептерінің дінтану пәні мұғалімдері қатысты.
Дін қайраткерінің өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа өсиет ету, өшпестей етіп қалдырған мұрасын насихаттау мақсатында өткен жиында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ философия ғылымдары кафедрасының меңгерушісі Үмбетхан Сәрсембин, С.Бәйішев атындағы АУ Ғылым бөлімінің меңгерушісі Жайық Сұлтан, педагогика ғылымдарының кандидаты Абай Дүйсенбаев баяндама оқыды. Халифа Алтайдың «Ата жұрттан Андолияға дейін», «Қазақ түріктерінің шежіресі», «Сияр ән-Нәби», «Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) таңдаулы хадистері», өзге де еңбектеріне тоқталып, онда қозғалған қазақ халқының этностық тарихы, қазақ жерінде діннің таралуы тақырыптары, иман, имандылық, адалдық, адамгершілік ұғымдарына тоқталып, автордың жан-жақты дарынды, ғұлама кісі болғандығын жеткізді.
Шара модераторы «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев дінді тереңінен бойлай зерттеп, Құранның қазақша аудармасын сонау Сауд Арабиядағы баспаханадан 800 000 данамен шығарған дін жанашыры Халифа Алтайдың Отанына, халқының салт-дәстүріне деген қалтқысыз бойұсынуы мен шексіз сүйіспеншілігін жастарға үлгі етті. Бүгінгі жат ағымның жетегіне еріп, дініне берік болған бабалар жолын жоққа шығарып, дәстүрін мансұқтағысы келетіндердің іс-әрекеттерін сынға алды.
Сондай-ақ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ермұқан Қыдырғали, «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының директоры Сүлейменов Жандәулет тақырып аясында пікірлерін білдірді. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе униферситетінің студенттері, жас ақын жастар поэзиядан шашу шашып, имандылық турасында өлең жолдарын оқыды.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
08.12.2017
4761
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру