Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз Астана қаласы «Әлжан ана мешіті» жанындағы имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін көтеру республикалық орталығында оқып жатқан дін қызметкерлеріне дәріс берді.
Наиб мүфти ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» жобасының мәні мен маңызын, мақсаты мен бағытын жан-жақты түсіндіріп өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда мүфтияттың діни кадр дайындау саласы бойынша маңызды жұмыс бағыттарының бірі – ХХІ ғасырдың талабына лайықты имамдар корпусын қалыптастыру. Бүгінгі имам біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір мешіт қызметкері қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттаса алатын рухани көшбасшыға айналуы қажет. Біз осыны қазіргі имамдардан талап ете бастадық. Барша дін қызметкерлері Бас мүфтиіміз бекіткен «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» жобасының талап деңгейінен көрінуі тиіс. Өздеріңізді оқытып жатқан 2 айлық курстың мақсаты да осы. Сондықтан, осынау мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді шыңдап алуға тырысыңыздар», – деп атап өтті наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.
Дәріс соңы сұрақтарға ұласты. Наиб мүфти дін қызметкерлерін толғандырған сауалдарға жауап берді.



Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру