Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ: ҚАЖЫЛЫҚ МИССИЯСЫНЫҢ ЕСЕБІ

ҚМДБ баспасөз қызметі www.muftyat.kz 17.10.2017 4752 0 пікір
ҚМДБ: ҚАЖЫЛЫҚ МИССИЯСЫНЫҢ ЕСЕБІ

 

І. ҰЙЫМДАСТЫРУ-ҮЙЛЕСТІРУ, ТЕКСЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

2017 жылы елімізден 2500 азамат қажылық парызын орындап қайтты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық миссиясы қызмет көрсетуге қабілетті деп таныған 17 турфирма мүфтиятпен келісім-шарт жасады. Аталған 17 фирма келісім-шартта көрсетілген қажылық квотасы бойынша 2500 адамға қызмет көрсетті.

Миссия қажылық маусымы кезінде жалпы ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын жүзеге асырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен бекітілген миссия мүшелері ұйымдастыру-үйлестіру, уағыз-насихат, пәтуа, медициналық көмек, ақпарат-насихат тобына бөлініп, әр топ өзіне жүктелген тапсырмалар мен бағыттар бойынша жұмыс жасады.

13 адамнан құралған Қажылық миссиясына ҚМДБ Қажылық және Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев жетекшілік етті. Бас мүфти кеңесшісі Дәулет Әлиханов ақпараттық қауіпсіздік, жат ағым өкілдерінің уағыз-насихатына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды қадағалады.

Қажылардың алғашқы легі 22 тамызда Алматы қаласынан Мәдина шаһарына тікелей рейспен ұшты. Ұйымдастыру тобы ұшақтың ұшу кестесін, Қазақстан азаматтарының жол жүру қауіпсіздігін, денсаулығын, қонақүйлердегі қызметтің сапасын, тамақ беру нысандарының санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуын, тағы басқа жұмыстарды үйлестірді.

Қажылық миссиясы екі топқа бөлініп, Мекке мен Мәдина қалаларында Қазақстан қажылары орналасқан қонақүйлерде тексеру жұмыстарын жүргізді. Рейд кезінде отандастардың қажылық рәсімдерін дұрыс атқаруы, мүфтият бекіткен тақырыптар бойынша уағыз-насихат жұмыстарының жүргізілуі, гид мамандары мен дәрігерлердің қызметі тексерілді. ҚМДБ мен Сауд Арабия Корольдігі Қажылық министрлігінің талаптарын толық орындамаған компания жетекшілеріне ескерту жасалып, тиісті шаралар қабылданды.

29 тамызда 17 фирма өкілімен кездесу өтті. Кездесуге Қажылық миссиясының өкілдері, Қазақстанның Сауд Арабия Корольдігі Жидда қаласындағы Бас консулы Талғат Шалданбайұлы, уағызшы имамдар, дәрігерлер қатысты. Басқосуда ҚМДБ мен Сауд Арабия Корольдігі Қажылық министрлігінің қойған талаптарының орындалу барысы талқыланды.

31 тамызда, яғни қасиетті арапа күні Қажылық миссиясының ұйымдастыруыман «Бір мезетте – бір тілек» атты жамағатпен дұға жасау игі іс-шарасы өтті. Ізгі іс-шарада елдің амандығы, жеріміздің тыныштығы, халқымыздың берекесі үшін тілектер айтылды. Қариялар ел игілігі үшін арнайы бата жасады. Сонымен қатар, осы күні Қазақстан қажылары орналасқан шатырларда Қажылық миссиясының жетекшісі Бейбіт Мырзагелдиев пен уағыз-насихат тобының жетекшісі Бауыржан Әлиұлы арапа күнінің артықшылығы мен дұға жасаудың мәні мен маңызы жайлы уағыз айтты.                     

ІІ. УАҒЫЗ-НАСИХАТ, ПӘТУА БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

 Қажылық миссиясының нұсқауымен әр турфирмаға кемінде 1 имам бекітіліп, дін қызметкерлеріне мүфтият бекіткен тақырыптар бойынша уағыз айту жұмысы тапсырылды. Уағызға жауапты имамдар үшін «ватсап» желісінде арнайы чат ашылып, діни терең сұрақтарға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Бауыржан Әлиұлы жауап берді. Б.Әлиұлының жетекшілігімен уағыз-насихат тобының бірнеше жиналысы ұйымдастырылды. Топ мүшелері Мина, Арафат жазығында жат діни ағым өкілдерінің уағыз айтуына жол бермеді. Жергілікті діни оқу орындарында оқитын азаматтардың Қазақстан қажыларына уағыз айтқан жағдайлар дер кезінде миссия жетекшілеріне хабарланып, фирма басшылары мен жат ағым өкілдеріне тиісті қатаң ескертулер жасалды. Сонымен қатар, уағыз айтқан тұлғаларға жеке түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы қажылық рәсімдеріне қатысты 100-ден астам сұрақтарға жауап берді. Денсаулығына байланысты қажылықтың парыз амалдарын орындау мәселелеріне қатысты арнайы пәтуалар берілді. Сондай-ақ, уағызшы имамдардың кейбір терең діни сұрақтары да жауапсыз қалмады.

Ал қажылар қажетті таратпа материалдармен қамтамасыз етіліп, оларға арнайы кітапшалар таратылды.             

ІІІ. МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ БОЙЫНША

Қазақстан қажылары ұлық сапардан алдын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында менингитке қарсы арнайы екпе салдырды. Мекке мен Мәдина қалаларында Қажылық миссиясының медициналық көмек көрсету орталығы ашылды. Орталық тәулік бойы жұмыс істеді. 4 орыны бар стационарлық орталыққа 1 млн. теңгені құрайтын отандық дәрі-дәрмектер жеткізілді. Сонымен қатар, орталық миссияның арнайы жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілді.

Қажылық кезінде отандастырымызға арнайы бекітілген 13 дәрігер қызмет көрсетті. Олардың ішінде терапевт, реаниматолог, кардиореаниматолог, медицина саласында тәжірибесі мол дәрігерлер мен хирургтар болды. Меккеде турфирмалардың басшылары, дәрігерлердің қатысуымен жалпы жиналыс өткізілді. Қажылықты өтеу үшін ең бастысы денсаулықтың жақсы болуы маңызды екендігі ескертілді.

Осы жылы 20 мен 98 жас аралығындағы азаматтар қажылыққа барды. Жалпы жедел жәрдем көмегіне 178 адам жүгінді. Азаматтардың басым көпшілігі суықтап ауырды. 2016 жылдың көрсеткіші бойынша, жедел жәрдем көмегі гипертониялық, ишемиялық, қант диабеті ауруы бар, сонымен қатар суықтап ауырған адамдарға көрсетілді.

Сондай-ақ, Қазақстан қажыларына жергілікті ауруханаларда тегін медициналық көмек көрсетілді. Отандық дәрі-дәрмектер толығымен жетті.

Әуелі Алланың қалауымен, содан кейін тиімді ұйымдастырылған қызметтің нәтижесінде өткен жыл мен осы жылы Қазақстан қажыларының арасында адам шығыны орын алмады.  

ІV. АҚПАРАТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

Осы жылы қажылық сапарына ҚМДБ-ның Баспасөз және Ғаламтормен жұмыс бөлімдерінің мамандарымен бірге «Астана» телеарнасы, www.nur.kz порталының тілшілері мен мүфтият жанындағы «Хикмет ТВ» телерадиостудиясының қызметкері барды. Меккеден арнайы телерепортаждар жасалып, ақпараттар, мақалалар, сұхбаттар, мәліметтер, ғибратты оқиғалар еліміздің беделді бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда, www.zakon.kz, www.nur.kz, www.baq.kz, «Астана телеарнасы», «Егемен Қазақстан» газеті және ҚМДБ сайттарында жарық көрді. Қажылық маусымы кезінде 12 сұхбат, 64 ақпарат, 6 арнайы репортаж, жалпы 82 материал жарияланды. Миссия құрамымен қажылыққа барған БАҚ өкілдерімен алдағы уақытта да ҚМДБ-ның игілікті іс-шараларын тұрақты жариялап, ұдайы ақпараттық қолдау көрсету туралы келісімге қол жеткізілді.  

V. ҚАЖЫЛЫҚ-2017: ЖЕТІСТІКТЕР

Жерлестеріміз осы жылы да Астана, Алматы және Шымкент шаһарларынан тікелей рейспен Жидда мен Мәдина қалаларына ұшты. Осы жылғы қажылық маусымындағы басты жаңалық – Қазақстан қажыларының отандық әуекомпаниямен тасымалдануы.

Чартерлік рейс, Жидда мен Мәдина қаласын небары 6-7 сағатта бағындырды. Бұл – бүгінгі заманның зор жетістігі. Осыған дейін қажыларымыз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері арқылы ұшатын. Ондағы әуежайларда 18-20 сағат аялдап, бір тәулікке жуық уақытын шығындайтын. Енді, міне, Алла Тағала отандастарымыздың жолын одан сайын жеңілдетіп қойды.

VI. ҚАЖЫЛЫҚ-2017: ҰСЫНЫСТАР 

5 қыркүйекте Қажылық миссиясының өкілдері қорытынды жиналыс өткізді. Қажылық кезінде кеткен кемшіліктерді түзеу немесе болдырмау шаралары, миссияның жұмысын жетілдіру жұмыстары талқыланды. Басқосуда миссия мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер төмендегідей:

  • қажылыққа барғысы келетін азаматтардың осыған дейін ауырғаны немесе науқастанбағаны көрсетілген медициналық картасы талап етілсе;
  • уағыз-насихат жұмыстарында қажылыққа рухани әрі денсаулық тұрғысынан дайын болу мәселелері көбірек айтылса;
  • қажылық маусымында айтылатын уағыз тақырыптарын бірізге түсіріп, бекітілген жоспар бойынша айтылуын қадағалау керек;
  • қажылыққа ниет білдірген азаматтарды алдын-ала оқыту семинарларынан өткізіп, оларға тиісті ескертпелер мен кеңестерді жеткізу қажет;
  • қажылыққа баратын гид мамандары мен уағызшы имамдарды алдын-ала бекітіп, оларға арнайы 1 апталық көшпелі семинар өткізу керек. Осылайша, дін қызметкерлерінің қажылық рәсімдеріне қатысты білімін жетілдіру қажет;
  • қажылардың киім үлгісін бірізге түсіруіміз тиіс.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру