Қостанайда облысы орталығында Тобыл жағалаудағы демалыс орнында Ораза айт мейрамына арналған мерекелік рухани кеш алдын-ала хабарланғандықтан оған халық көп жиналды.
Жиынды елімізге белгілі журналистер Қыдырбек Қиысқан мен Заңғар Санай өздеріне тән шеберлікпен әрі халықтың жүрегіне жететіндей тағылымды сөздерімен жүргізді.
Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан білікті ұстаз әрі ислам дінін кеңінен насихаттап жүрген Сансызбай Құрбанұлы, көршілес Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарының өкіл имамдары, қажылар, өңірдің аудандары мен қалалаларынан елге сыйлы ағаларымыз бен ақ жаулықта аналарымыз, намазхан ағайындар қатысты.
Алғашқы сөзді Қостанай қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Сәкен Көкішев алып, шаһар басшысы атынан барша қауымды Ораза мейрамымен шын жүректен құттықтады. Ол әрбір шаңыраққа ырыс-береке, молшылық тіледі.
Содан кейін Қазақстанға танымал дін қайраткері Сансызбай Құрбанұлы күллі жұртшылыққа шынайы лебізін білдіре келіп,Ораза айтының маңызына жан-жақты тоқталды.
Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Осынау рухани кешке суырып-салма өнердің хас шеберлері Айбек Қалиев пен елордалық Серікзат Дүйсенғазин арнайы шақырылды. Олар көпшілікке тапқырлықтарымен үлкен қуаныш сыйлады. Екеуі де тынымсыз ізденіс үстінде екендігін көрсетті.
Ел аузында жүрген қос азаматқа облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ақшалай сыйлықты табыс етті. Оларға алдағы уақытта да халықтың мақтанышы бола берулеріне тілектестігін жеткізді.
Талай сайыстарда топ жарып жүрген талантты бауырымыз Тоба Өтепбаевтың айтары мол термесін үлкенді-кішілі мұсылман ағайындар ұйып тыңдады.
Бұл басқосуда Арқалықтан келген жас дарын Дінмұхамед Бектұрсынұлы, әулиекөлдік Ерлан Қасымов, қызылордалық Бауыржан Серікбайұлы, көкшетаулық Әділ Төреғожин және басқалар әуелете ән салып, күмбірлете күй шертті.
Сонымен қатар Қостанай заң академиясының тыңдаушылары мен облыстық филармонияның дарынды жігіттері де өз өнерлерін көпшілікке ұсынды.
Жоғарыда аталған Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан келген өкіл имамдар да рухани кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығына тоқтала келіп, әріптестері Бахытбек Нұрғабылұлымен өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
Қостанай облысының бас имамы ежелден келе жатқан ұлтымыздың салты бойынша қуанышымызға ортақтасқан құрметті қонақтардың иықтарына зерлі шапан жауып, сый-сияпат жасады.
Биылғы Ораза қарсаңында 20 хадиске мүдірмей жауап берген талапты қазақ қыздарына да ілтипат көрсетілді. Жүлделі орындарды иеленген Назерке Берікболсын, Айдана Әбдібекке және Қанағат Әбдуғалиқызына бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Сондай-ақ қайырымдылық мақсатында мешіт демеушілері атынан Зәуреш Нұрғалиеваға күнделікті тұрмысқа аса қажетті кір жуғыш машинасы салтанатты түрде табыс етілді.
Қазақ келіні, екі баласының анасы, мемлекеттік тілді жетік меңгерген Ирина Василевна да марапатқа ие болды. Ол қалың жұршылыққа мұсылман дінін қабылдағанын баяндап, өзіне көрсетілген құрметке шын мәнінде риза екендігін паш етті.
Жиында мешіттің ықыласты жамағатының бірі Қайрат Қалабайұлына «Үлкен қажылық» жолдамасы берілді. Ол күтпеген сыйлыққа өзін өте бақытты сезінетіндігін ерекше толқыныспен жеткізді.
Сонымен қатар Бахытбек қажы аталмыш Ораза айт мерекесін өткізу үшін демалыс орнын ұсынған азамат Махмұт Мұхтарұлына барша қауымның атынан жүрекжарды ыстық лебізін білдіріп, Алғыс хат тапсырды.
Кеш барысында ежелден келе жатқан ұлттық ойынымыздың бірнеше түрінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Осылайша тиянақты дайындалған, жылына бір келетін қуанышты мереке жерлестеріміздің есінде ұзақ сақталатындығы даусыз.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Оразалы Жақсанов
ҚМДБ Қостанай өкілдігі
04.07.2017
4309
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру