Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖЕМІСТІ САПАР ТАТАРСТАНДА

29.01.2017 4343 0 пікір

ҚМДБ мен "Асыл арна" телеарнасынан құралған делегация мүшелері Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласына келді. Қаңтардың 25-26 аралығында тиісті жоспарға сәйкес Қазан қаласында төмендегідей шаралар атқарылды:

1. Татарстан Республикасы Діни басқармасы төрағасының орынбасары Рустем хазрат Хайруллин Қазақстандық меймандарды қабылдады. Алғаш сөз алған Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев Жемісті сапардың мәні мен маңызын баяндады. "Басты мақсат шетелде оқитын жастарды көздің тасасынан тыс қалдырмау, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру. Бұл тұрғыда ҚМДБ тарапынан атқарылып жатқан шаралар көп. Мәселен, біз оқу-ағарту бағыты бойынша 5 елмен тығыз байланыс орнаттық"  - деді ол.

Сөз кезегін алған ҚМДБ-ның Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы мұндай бөлімді ашудың аса қажет екенін, себебі халқымыздың басым бөлігі жастардан құралатынын айтты. Бүгінде Қазақстанның 14 облысы мен 2 маңызды қалаларында жастар бөлімі белсенді жұмыс атқарады. Оқу-ағартудан бастап, қайырымдылық жұмыстары мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Алтынбек Ұтысханұлы Қазан қаласында 217 қандастарымыздың теологиялық факультетте оқитынын айта келе, бұл елдің Діни басқармасымен тығыз байланыс ұстау қажеттігін алға тартты.

"Келген қадамдарыңыз оң болсын. Татарстанда 1,5 мың мешіт бар. Бір ғана Қазан қаласының өзінде 70 жуық құлшылық үйінің есігі айқара ашық. Олардың жартысына жуығында шағын курстар ашылған. Дегенмен, білім беру, уағыз айту кезіндегі бағдарламалар сіздердікіндей бірізділендірілмеген. Кітап аудару, діни әдебиеттер жазуға ешқандай шек қойылмаған. Сол себептен болар оларды тиісті сараптамадан өткізуге мүмкіндік жоқ. Бұл тұрғыда сіздерден алатын үлгі көп" - деді Татарстан Республикасы діни басқармасы төрағасының орынбасары Рустем хазрат Хайруллин.

2. Қазақстандық делегация Қазан қаласындағы Ресей ислам университетіне де бас сұқты. Кездесу барысында ректор Рафик Мұхамедшин

мұнда экономика сынды мамандықтардан басқа теология және ислам журналистикасы да оқылатынын жеткізді. 80 ұстаз дәріс береді. Оның 40 шақтысы діни бағытта сабақ жүргізеді. Әзірге Мысыр, Малайзия елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Қазақстанмен арадағы байланысты нығайту да жоспарда бар. Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев Қазақстанда 15 жылдығын атап өткен "Нұр-Мүбәрәк" ислам университетінің бар екенін, әрі онда 27 мысырлық ұстаздардың дәріс беретінін алға тартты. Әрі ҚМДБ-ның тұжырымдамасымен таныстырды. Қазіргі уақытта дәстүрлі дініміз мемлекетіміздің рухани тірегіне айналды. 2500 мешітті бір орталыққа біріктірген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықтың бірлігі, мұсылман қауымының игілігі үшін қызмет етуде.

Кездесу соңында ҚМДБ мен Ресей ислам университеті арасында бірлесіп іс атқару бойынша тиісті құжатқа қол қойылды. Естеріңізге салар болсақ бұған дейін Мәскеу ислам университетімен де дәл осындай келісім-шарт жасалынған.

Осы сапарда Қазақстандық студенттерді аталмыш оқу орнына қабылдау тек ҚМДБ-ның ұсынысымен ғана болу керектігі және университет тарапымен студенттерге қатысты маңызды ақпараттарды үнемі ҚМДБ-на хабарлау туралы жаңа баптар енгізілді.

Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев, ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан және Нұрболат Қуанышбекұлы мен Манат Ешбайдан құралған "Асыл арна" телеарнасының түсіру тобының Ресей Федерациясына жасаған іс-сапары осымен тәмәм. Толығырақ жуырда Асыл арна эфирінен шығатын "Жемісті сапар" бағдарламасынан көре аласыздар.

Нұрболат Қуанышбекұлы.

"Асыл арна" телеарнасы.

Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласынан.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру