Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖЕМІСТІ САПАР МӘСКЕУДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ! (ФОТО)

25.01.2017 5094 0 пікір

ҚМДБ мен «Асыл арна» телеарнасының түсіру тобы Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласына ат басын тіреді. Осылайша «Жемісті сапар» деп аталатын бірлескен телевизиялық жобаның алғашқы түсірілімдері басталды. Мақсат – Мәскеу қаласымен қатар Қазан және Уфа шаһарларында білім алатын қазақ студенттерінің тыныс-тіршілігінен хабар беру. 

Қаңтар айының 22-25 аралығында тиісті жоспарға сәйкес Мәскеу қаласында төмендегідей шаралар атқарылды:

1. Делегация құрамы Ресейдегі Қазақстан елшілігінің басшылық құрамымен әрі Отандық студенттермен кездесті. 

Кездесуге ықпал еткен Қазақстанның Ресейдегі елшісінің кеңесшісі Асқар Жұмабайұлы осындағы белсенді жастармен жүздесуге мұрындық болды.

Алғаш сөз алған Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев ҚМДБ атынан ыстық сәлемін жеткізіп, іс-сапардың жоспарын, мақсатын, қол жеткен жетістіктерін егжей-тегжейлі баяндады. Және бұған дейін Түркия, Саудия, Мысыр, Малайзия мемлекеттеріне де осы жоба барысында арнайы сапардың орын алғандығын айтты.

Өз кезегінде ҚМДБ Жалпы және жастар бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан Имамдар форумында қабылданған төрт құжатпен таныстырды. Оның ішінде ҚМДБ тұғырнамасына ерекше тоқталды.

Кездесу барысында ҚМДБ 2016 жылғы қорытындысы да сөз болды. Ерекше әсер алған жастар өздерін қызықтырған бірнеше сауалдар қойып, көкейге қонымды жауаптар алды. 




2. ҚМДБ мен Ресей мұсылмандары діни басқармасы арасындағы ынтымақтастық

Қазақстандық делегация Мәскеу қаласының Орталық мешіті жанында орналасқан Ресей мұсылмандары діни басқармасына ат басын бұрды. Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев, ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан және Нұрболат Қуанышбекұлы мен Манат Ешбайдан құралған «Асыл арна» телеарнасының түсіру тобын Ресей мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Рушан хазрат Аббясов жылы шыраймен қарсы алды. Ол өздеріне қарасты Мәскеу ислам институты мен Қазан қаласындағы Ресей ислам институты туралы, әрі ондағы тәлімгерлер жайында мол мағлұмат берді. Және Қазақстанмен рухани байланысын одан әрі жетілдіруге мүдделі екенін айтты.

Қазақстандық меймандар Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ыстық сәлемін жеткізіп, бірлесіп атқарар шаруалардың шаш етектен екенін алға тартты.

Былтыр Қытай Халық республикасының Үрімші қаласында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікістан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерінің Дін басшылары және мемлекеттік қызметкерлермен «Террорризм мен діни экстремизмнің» алдын алуға бағытталған симпозиум өткізілген болатын. Биылғы жылы осындай шара қыркүйек айында Мәскеу қаласында өтуі жоспарлануда. Осыған орай Қуат Раев пен Рушан хазрат Аббясов арасында көтерілетін мәселелер, ұсыныстар және қабылданатын қажетті құжаттар жайлы талқылады.  


Және Ресей муфтиінің тағы бір орынбасары Дамир хазрат Ғиззатулинмен жүздесті. Мұнан соң екі жыл бұрын пайдалануға берілген Мәскеу Орталық мешітін аралап, ерекше әсерге бөлендік. Бір уақытта 10 000 адам намаз оқи алатын құлшылық үйі ел бірлігі мен тұтастығына қызмет еткей!  


3.МӘСКЕУ ИСЛАМ ИНСТИТУТЫМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС 

Ресей Федерациясында бейресми тіркелген 15 ислами Жоғарғы оқу орыны бар. Ал Мәскеу ислам институты – ресми түрде тіркелген жалғыз білім ордасы. Мұнда 300-ге тарта тәлімгер оқиды. Оның бірнеше пайызы қазақтар. Қандастарымыз Орынбор, Астрахань, Омск, Самара өңірлерінен келген. Теологиялық білім беруді мақсат тұтқан оқу орыны көзі ашық, көкірегі ояу имамдар даярлауға дағдыланған. «Жемісті сапар» жобасының қатысушылары бұл жолы Мәскеу ислам институтына табан тіреді.  

Ректор Дамир Хайретдинов 2014 жылы "Нұр-Мүбәрәк" университетімен екеуара меморандумның болғанын тілге тиек етті. Және алдағы уақытта бірлесіп атқарар шаруалар болса қуана-қуана келісетінін айтты. Алайда аталмыш ЖОО мен ҚМДБ арасында бұрын-сонды ешқандай келісім орын алмаған болатын.  

Осы іс-сапарда Бас мүфтидің тапсырмасымен жоғарыдағы оқу орнына Қазақстандық студенттерді қабылдау тек ҚМДБ-ның ұсынысымен ғана болу керектігі туралы екіжақты келісім-шарт жасалды. Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев осында тәлім алатын студенттердың тыныс-тіршілігі туралы жиірек ақпарат алып тұру қажеттігін алға тартты. Сол арқылы жастарымызды басқа ағымның жетегінде кетуінен сақтандырамыз. Толығырақ алдағы уақытта Асыл арна телеарнасының эфирінен шығатын «Жемісті сапар» бағдарламасынан көре аласыздар. 


Нұрболат Қуанышбекұлы, Асыл арна

Мәскеу қаласынан


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру