Қазақстан мен Ресей құрылыс саласында эко-халал стандарттарын әзірлемек. Бұл туралы «ҚазАқпаратқа» ҚМДБ-ның аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев хабарлады.
«Жақында Ресей Мүфтилер кеңесінің экологиялық даму жөніндегі комиссиясының төрағасы, Жасыл стандарттар орталығының (ҮЕҰ) директоры Рашид Исмаиловпен кездесу барысында ислам экологиялық этикасы ұғымын талқыладық. Атап айтқанда, осы келіссөздер аясында ресейлік тараппен бірлесе ТМД аумағында әріптестік деңгейіне шығуды көздеп отырмыз. Осы ретте «экологиялық халал» ұғымын негізге алып отырмыз. Бұл тұрғыда тағам, азық-түлік саласында ғана емес, сонымен қатар құрылыс саласында таза өнімдерді пайдаланып, қоршаған ортаға зиян келтірмеу бағыты қамтылып отыр. Рашид Исмаилов мырза құрылыс саласына «жасыл» стандарттарды кеңінен енгізу қадамдарын белсенді атқаруға шақырып отыр. Біз өз кезегімізде ресейлік орталықпен бірлесе отырып, «жасыл» стандарттарды тұрғын үй, жол құрылысы саласына енгізуді назарға алдық», - деді ол.
Оның айтуынша, кездесу нәтижесі бойынша тараптар алдағы уақытта жасыл стандарт мекемесімен өзара ынтымақтастық бойынша тиісті құжатты бекітуге уағдаласты.
«Жалпы, өңірімізде эко-халал түсінігін дамыту қажет болып тұр. Құрылыс саласында ең алдымен күн және жел энергиясын пайдалану, табиғатқа барынша зиянын аз келтіретін материалдарды пайдалану, қоршаған ортаны ластамау, осы материалдарды құрылыс алаңына дейін таза күйінде жеткізудегі стандарттар ескеріліп отыр. Жалпы, бүгінде жаңа бастаманы қолға алып жатырмыз. Біз бірлесіп экологиялық стандарттарды даярлап, өзіміздің ұсыныстарды жасауды көздеп отырмыз. 2016 жылдың соңына дейін қажетті құжатты қабылдап, одан кейін тиісті қадамдарды жасамақпыз», - деді Ғылымбек Мәжиев.
Ресей Мүфтилер кеңесі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық және ресейлік тараптар «Эко-халалды» дамыту бағытында ақпараттық алмасуды ретке келтіруді, сондай-ақ ынтымақтастық форматын қарастыру бойынша келісімге келді.
Рашид Исмаиловтың сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Орталық Азия ислам экологиялық этикасы ұстанымдарын сәтті енгізуде, жасыл технологияларды дамытуда перспективалы өңір болып табылады. Сонымен қатар бұл бастамаларға бүгінде Қазақстанның соңғы жылдары «жасыл» экономиканы дамытудағы қарқынды қадамдары тың серпін береді.
Руслан ҒАББАСОВ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.09.2016
3741
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру