Әлемдегі 2 миллиардқа жуық мұсылман құрбан айт мерекесін тойлауға дайындалуда. Ал қасиетті Мекке қаласында қажылық парызын өтеп жүрген 4 миллиондай адам ертең Мина жазығына аттанып, үлкен қажылықтың рәсімдерін бастайды. Күні-түні қызмет етіп жатқан Қазақстанның қажылық миссиясы отандастарымыздың басын қосып, Меккеде үлкен ас берді.
Қазақстанда бір дастарханда жиналып, кездесе алмайтын әр қаланың тұрғындары Мекке қаласында жүздесті. Бас мүфтидің атынан жайылған дастарханда қоғамға белгілі, әр саланың танымал тұлғалары да бар. Үлкен қажылық рәсімдеріне аттанар алдында жүздесіп, ақ тілектерін айтқан отандастарымыз арасында белгілі ғалым Айгүл Ісімақова да бар.
АЙГҮЛ ІСІМАҚОВА, Профессор:
- Ең бастысы мұсылманның бесінші парызы қажылық, соны армандап жүрдік. Ойлайтынбыз, апаларымыздың, әжелеріміздің жасында келетін шығармыз деп. Алла осы жылы бұйырыпты. Мекке қаласына келіп өз қара басымның парызын ғана орындау емес, он жыл бұрын осында анам болды. Сол кісінің ізімен жүрейін деген арман болды.
Мекке төрінде Қазақстан қажыларын жинап ас беру - дәстүрге айналған. Биыл қажылық қызмет көрсетіп жатқан 10 фирманың да жұмысы сапалы. Тіпті, әр қайсысының мақтанып айтар ерекшелігі бар.
АМАНГЕЛДІ ЕРЕНҒАЙЫПҰЛЫ, «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының басшысы:
- Біздің қажыларымыздың ішінде ҚМДБ жіберген еліміздің әр облысы, әр өңірінен 50 имамды демеушілер арқылы алып келіп жатырмыз.
Ал ертең Мекке қаласындағы үш мыңдай қазақстандық үлкен қажылық рәсімдерді орындау үшін Мина жазығына аттанып, келесі күні Арафат тауына шығады. Қажылардың жағдайын миссия мүшелері үздіксіз бақылауда.
БЕЙБІТ МЫРЗАГЕЛДИЕВ, Қазақстан қажылық миссиясының жетекшісі:
- Қазіргі таңда миссия толыққанды жұмыс жасап жатыр. Барлық қонақ үйді аралап олармен үздіксіз қарым-қатынас орнатып отыр. Соның арқасында барлығы бір қалыпты, өз деңгейінде атқарылып келеді.
ЖАРАС НИЯЗБЕК, Тілші:
- Қазақстандық қажыларға кез келген уақытта медициналық көмек көрсететін 4 бірдей білікті дәрігер қажылық миссия орналасқан осы ғимаратта. Мұнда арнайы жабдықталған медициналық орталық бар. Ал оқыс жағдайда қала ішінде науқас тасымалдайтын миссияға тиесілі мынадай арнайы жедел жәрдем көлігі де үнемі дайын.
Жарас Ниязбек, Қайсар Тұрлыбек
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.09.2016
4252
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру