Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақ даласы тағы бір құлшылық орнымен толықты (ФОТО)

08.07.2016 5001 0 пікір

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері. Ал, қаланың өте жаман орындары – базарлары», – дейді. Мешіт – мұсылманның Жаратушысына құлшылық жасап, тәубеге келер, жанына жара салған хакім Абай айтқандай «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үйі. Ал, мешіттің қабырғасынан  діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін – тәрбие ордасы.

Осы бір күллі мұсылманды төрт қабырғаға сыйдырған Алла үйі екі бірдей мекеннен бой көтерді. Иісі мұсылман азамзаты үшін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, Астана күніне тарту ретінде бірі – Сарысу жерінде, екіншісі Аса ауылының орталығынан «Бәйдібек» мешітінің жаңа ғимараты жиналған жамағатқа есігін айқара ашты.

Мұсылмандардың ұлық мерекесі Ораза айттың құрметіне ашылу салтанаты өткен мешітке ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев арнайы барып, аудан жұршылығына құттықтау айтып, ашылу салтанатына қатысты. Сарысуда аудан әкімі Бейбітбек Жайлыбаев халыққа Ораза айт мерекесімен әрі ауданның жаңа мешітпен толығуымен құттықтап сөз сөйледі. Мешіт әкімшілігі дүбірлі тойға ат артып келген қонақтарға шапан жауып, құрмет көрсетті.  Сарысу ауданының тұрғындары халықты ізгілікке байтайтын тағы бір орынның салынғанына дән риза.

Ораза айының айт мерекесіне тұспа-тұс келген салтанатты іс-шарада осы сәулетті де, сымбатты қос мешіт ғимаратының салынуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірі «Ассанабил» қайырымдылық қорының төрағасы Саид Баюмиге құттықтау сөзін арнап, жамағаттың қуанышымен бөлісті.

Ал Асада жүректеріне жыр, көңілдеріне нұр жинаған жұртшылық алдымен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабековтың ақ тілегіне құлақ тосты. Сонсоң, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкіл имамы Данияр қажы Әлмұхаммедұлының салиқалы сөзін естіп, қасиетті Құран кітапты аудандық мешіттің бас имамы Ғайырфулла Әмірбекұлына тарту етті. Жылы сөзін ауданның Құрметті азаматтары Мақұлбек Байгелдиев, Тұрсынхан Нурбаев та арнаған. Асадағы халық көптен күткен кермені қию сәтіне келгенде жамағаттың қуанышында шек болмады. Әжелер шашу шашты.

Осы сәтте бойларын шаттық билеген жұртшылығы алдында аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлы жаңа мешіт ғимаратының бой көтеруіне демеушілік көрсеткен «Қазупактрейд» компаниясының басшысы Нұрлан Алжанқұловқа «КнауфГипсТараз» ұжымының басшысы Мырзабай Бекназаровқа, «АлтайсГруп» компаниясының басышсы Әлімбек Жұмабаевқа, «Амангелді Газ өндіру зауыты» ұжымының басышсы Оралбай Исақаевқа, кәсіпкер Қанат Тілебаевқа және басқаларға Алғыс хат табыстаса, Түркиялық азмат, «Ассанабил» қайырымдылық қорының төрағасы Саид Баюмидің иығына зерлі шапаг жауып, Алғыс хат табыстады.

Салтанатты жиын соңында көпшілік аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының өнерін тамашалап, арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татты. Жастар жағы спортшы жігіттеріміздің өнерін тамашалады. Олардың бірі бозкілемде белдесіп, бірі шаршы алаңында доп ойнады. Енді бірі қол күрестеріп, дойбы ойнап көрермендерді тәнті етті.

 Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру