Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЕШІТ АУЛАСЫНДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР САЙЫСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ (ФОТО)

06.07.2016 4395 0 пікір

Қасиетті Ораза айт мейрамына орай Астана қаласының мешіттерінде бүгін бірқатар мерекелік шаралар өткізілді. Жамағат арасында мерекелік көңіл күй тудырып, ұлық мерекені ұлттық нақышта өткізуге арналған шаралар «Әзірет Сұлтан» мешітінің ауласында бесін намазынан соң бастау алды.

Мешіт жанынан тігілген қазақ үй ішінде құлшылық ордасына айтшылай келген жамағатқа арналып дастархан жайылып, айт мерекесі ақсақалдарымыздың ақ батасымен  айшықтала түсті. Мешіт ауласына жиналған жамағат та сырттағы спорттық сайыстардың көрігін қыздырып, жанкүйер қауымның делебесін қоздыра түсті. Қасиетті Ораза айт күні асық атып, тоғызқұмалақ ойнаған мешіт жамағатының соңғы жылдары қайта жаңғырған спорт түрлерінен хабары мол болып шықты.

Жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болып, намыс пен күш-қуаты сынға түскен спорты ойыны – арқан тартыс болды. Жүрегінде – Алласы, білегінде қайраты бар алпамсадай жігіттердің арқан тартысы жанкүйерлердің Аллаға мадақ айтқан ұранымен қыза түсті. Бұдан бөлек, екі салмақ бойынша қол күресі (70 келіге дейінгі және одан жоғарылар арасында)  мен гір көтеру (16 келі және 24 келі) сайыстары да ұйымдастырылып, білекті жігіттердің есімі анықталды. Сайыс жүлдегерлерінің барлығына «Әзірет Сұлтан» мешіті атынан арнайы «Алғыс хат» табысталып, қашалай жүлдемен марапатталды.

 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру