Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ҚҰРАН ХАТЫМ БАТАСЫ ЖАСАЛДЫ (ФОТО)

02.07.2016 4360 0 пікір

Аса мейірімді Алла Тағаланың адамзат баласына берген теңдессіз сыйы – қасиетті Қадір түнінде «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құран Кәрім хатымы аяқталды. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мешітке келген мыңдаған жамағатпен бірге еліміз бен жеріміздің амандығын тілеп, қасиетті Қадір түнінде бата жасады.

Бұдан соң «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағатын қасиетті Рамазан айында әсерлі қырағатымен ұйытып, тарауық намазына имамдық еткен қариларға құрмет көрсетілді. ҚМДБ-ның наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мешітке жиналған жамағатқа қариларымызды қысқаша таныстырып өтіп, өз алғысын білдірді. Бұдан соң қазақы дәстүрімізге сай қариларымызға шапан жабылып, арнайы «Алғыс хат» табыс етілді.

Орталық Азия бойынша теңдесі жоқ алып мешіттің ішінде бүгін ине шаншарлық орын табу қиын. Қадірі мың айдан да қайырлы деп Құран Кәрімде баяндалған бүгінгі түнді құлшылық ордасына келіп, құлшылықпен өткізгісі келген жамағаттың санына жету қиын. Жамағат санының жылдан-жылға артуына байланысты былтырғы жылдан бастап мешіт сыртына LED экрандар қойылып, құлшылық ордасына сыймаған жандар іштегі оқиғаға сол жерден тамашалап келеді.

Бүгінгі түні «Әзірет Сұлтан» мешітіне келген жамағатқа мешіт мінберінен таң рауандап атқанға дейін уағыз жұмыстары жүргізілетін болады. Нәпіл намаздар оқылып, жамағатпен бірге дұға жасалады. Сондай-ақ, Қадір түні жасалатын құлшылық-ғибадаттар мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде келген дұғалар жазылған парақшалар да таратылған болатын. Осылайша, Қадір түнін мейлінше сауапқа толы өткізгісі келген жандар үшін барынша жағдай жасалынған.

Алла Тағала барша мұсылман қауымының қасиетті Қадір түнгі құлшылықтарын қабыл етіп, амал-ниеттеріне сансыз сауаптан жазғай!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру