Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

22.06.2016 5579 0 пікір

Бүгін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Түркияда өткен дәстүрлі Құран жаттау және мәнерлеп оқудан өткен халықаралық жарысқа еліміздің атынан қатысып, жүлделі 2 орынды иеленген Шохан Нұралыұлын және оның ата-анасын қабылдап, алғыс хат табыстады.

Бас мүфти кездесу барысында ел тәуелсіздігінің баянды болуы еліне адал қызмет ететін иманды ұрпақ тәрбиелеп өсіруімізге тікелей байланысты екенін айта келе, Діни басқармада жастарды имандылыққа тәрбиелеу ісіне жіті көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, жас хафиздың діни білімін ғылыми дәрежеде жетілдіруіне қолдау көрсететінін айтты.


«Тарихқа көз салсақ халқымыз ел болашағы – жастардың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп отырған. Ұлт аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің сан түрлі жолдары мен амалдарын қалыптастырған. Солардың ішінде ең басты тәлім мен тәрбиенің қайнар бұлағы Құраннан сусындатып отырған. Бұл жастарды имандылыққа тәрбиелеудің бірден-бір жолы. Осындай ұлды дүниеге әкеліп, имандылық жолында тәрбиелеп өсірген сізге алғысымды білдіремін. Ел тәуелсіздігінің баянды болуы еліне адал қызмет ететін ізгі ұрпақ тәрбиелеп өсіруімізге тікелей байланысты. Ендеше, жастайынан Құран жаттап, имандылық жолында жүруіне қолдау көрсеткен игі істеріңізге Алла Тағала разы болсын!», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы. 

  

Өз кезегінде жас қаридың ата-анасы жастардың елімізде діни біліп алып, үлкен шараларға қатысуына қолдау білдіріп отырған Діни басқармаға алғысын жеткізді. Ал, жас хафиз Шохан Уәлиев тартысты бәсекенің өту барысымен таныстырып, алған әсерімен бөлісті.

«Жарыс 2 кезең бойынша өтті. Әр қайсысына 58 қаридан 116 адам қатысты. 60-қа жуық елден іріктеуден өтіп келген хафиздар бақ сынасты. Сайыс 20-35 жас аралығында өткендіктен өте қиын болды. Іріктеуден өту үшін ешқандай қате жібермеу керек болды. Ескерту алғандар ақтық сайысқа шыға алмады. Ақтық сайысқа 5 ел ешқандай ескертусіз өтті. Сондықтан, жүлделі орындарды қатысушылардың дауыс ырғағының әдемілігіне немесе тәжуидтегі осалдығына қарап белгіледі. Сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Бангладеш, екінші орынды Қазақстан, ал, үшінші орынды Сомали елінің хафизы алды. Жарыстан алған әсеріме сөз жеткісіз, үйренгенім ұшан теңіз», – деді Шохан Нұралыұлы.

Айта кетсек, хафиз Шоқан Уәлиев 2015 жылы Алматы қаласында «Бәйкен» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «VI Республикалық Құран жарыста» екінші орынды ұтып алған болатын.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Muftyat.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру