
Лаңкестік әрекет – Исламға жат
Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде мұсылманның мұсылманға жаны, малы, ары – харам деп ата дініміздің адам амандығына аса көңіл бөлетіндігін көрсеткен. Ата заңның да басты қазынасы – адам және оның амандығы мен бостандығы делінген. Діннің атын жамылып, ел ішінде келеңсіздікке жол беріп отырғандардың тәртіп жүйесіне, құқық қорғау органдарына қарсы бағытталған қарулы қақтығыс әрекеттері әсте мұсылманшылық емес. Бұл бұзақылық әрекет, қылмыстық іс. Бұлар мешітте жүргізілетін үгіт-насихаттарға қатыспайтын, яғни мешітке келмейтін теріс ағым жетегенде жүргендер.
Лаңкестердің озбырлық әрекеттері қарапайым шаруадан бастап, үкіметке дейін дүрліктірді. Қаншама адам қаза тапты. Бала жетім, әйел жесір қалды. Тұрғындардың тынышы кетіп, ұйқысы бұзылды. Тулар төмен түсіріліп, мемлекет аза тұтты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері елдің тыныштығын сақтау мақсатында қанды қол қарақшыларды жою үшін оқ атуға мәжбүр болды. Міне, сол себепті, жастар аңдамай басқан бір әрекетпен осындай үлкен шығын, елдің тыныштығын бұзып, халыққа қауіп-қатер әкелетіндегін жақсы ойлауы керек.
Қаскөйлердің қолынан қаза тапқандардың жақындары мен отбасыларының ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Ақтөбелік жамағат Рамазан айының қарсаңында лаңкестік әрекетке барғандардың ісіне наразылықтарын білдіруде.
Рамазан айы – күллі мұсылман баласы үшін қасиетті, дұға-тілектер қабыл болатын ай. Осындай мүбәрак айдың қарсаңында қақтығыс жасап, ел тыныштығына сызат түсіруге әрекет ету пайғамбар үмметінің қылығына жат. Өйткені, Ислам діні адамзат баласын мейірімділікке, төзімділікке, тұрақтылықты бағалауға, басқалардың құқығын сақтауға үндейді.
Алла Тағала бізге мамыражай, бейбіт ғұмыр кешкен бір қауымның мысалын келтіреді. Ол ауыл тұрғындарының ризық-несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп тұратын. Алайда, олар осы ризық-несібе және бейбітшілік нығметін бағалай алмады, Жаратқанға қарсы келді. Осы әрекеттерінің салдарынан Алла оларға берілген молшылық несібелерін ашаршылықпен ал, амандықты қауіп-қатермен алмастырып қойды деп баяндайды.
Сол себепті, ел ішінде дүрбелең салғандарды Жаратқанның елге берген сый-нығметін бағалай алмайтын іріткі салушылар деп санаймыз. Біз елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға тырыссақ, бейбітшілігімізді бағалай білсек, Құдай ісімізге береке бермек. Ендеше, касиетті Ораза айында Алладан тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын, халқымыздың амандығын тілейік.
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы
бойынша өкіл имамы
Төлеби ОСПАН
Олар – Ислам атын жамылғандар
Мұсылман баласына тән қасиет – имандылық. Мұның астарында адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігі, жылы көңілі, жақсылық жасауға ұмтылуы, қамқорлығы жатыр. Ал облыс орталығында жексенбі күні болған жан түршігерлік оқиға мұның бірімен де қабыспайды.
Жерлестерімізге қасірет әкелушілердің, ел тыныштығын бұзушылардың іс-әрекеті ешбір ақтауға сыймайды. Мұны істеп жүргендер – ислам атын жамылғандар. Олар өздерін мұсылманбыз деп санағанымен, имамдарға бой ұсынбайды, өздерінше басқа бір ақылға қонымсыз ережелерді орнатқысы келеді. Әркім өз білгендерін істей беретін болса, не болғаны?
Әдетте шариғаттың өзі бейбітшілікке негізделген. Мұсылман баласы адам түгілі, жәндікке де залалын тигізбейді. Тіпті мал сойғанда да пышағын тасада тұрып қайрайды. Ендеше, терроршылардың оқ атуы – мұсылмандыққа жат әрекет. Оны біз батыл айыптаймыз.
Бәріміз жақсылыққа жақындап, жақсы үмітпен Рамазан айын қарсы алғалы отырған сәтімізде мұндай оқиғаның болуы адамзат баласына әдейі жасалған қастандық деуден артық сөзіміз жоқ.
Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ,
Ақтөбе қалалық орталық
мешітінің бас имамы
Жер бетінде тыныштық орнаған соң бүлік салмаңдар
Осынау бейбіт заманда облысымызда орын алған қанды оқиға шариғатты былай қойғанның өзінде адами нормалар да құптарлық іс емес. Қасиетті рамазан айының қарсаңында лаңкестік әрекетке баруы – елдің ынтымақ-бірлігін көре алмаған, дінді дұрыс түсіне алмағандардың ісі. Халықты қасиетті ай қарсаңында қорқытып елдің тыныштығын бұзу мұсылманшылыққа жат. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Адамдарға тілімен не қолымен зиян тигізген мұсылман шынайы мұсылман емес» - деген. Бұндай әрекет дініміз Исламға қайшы, қылмыстық әрекет болып табылады. Құран Кәримде: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік шығармаңдар», - деп бұйырған.
Демек, осы тыныштықты сақтау, бейбітшілікті бағалау бүгінгі мұсылман баласының басты міндеті болып қала бермек.
Ырғыз аудандық мешітінің
бас имамы Тұяқбаев Әділбек
Бұл мұсылманшылыққа жат
Өңіріміздегі орын алған қанды оқиға еліміздің тыныштығына сызат түсіруде. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының қарсаңында, қасиетті Рамазан айының алғашқы күндерінен бастап террорлық әрекет мұсылманшылыққа жат әрекет. Бейбіт халықты дүрліктіріп, асыл дінімізге қара күйе жағуда. Бұндай террорлық әрекетті хақ дініміз Ислам да ешбір адамгершілік нормалар да құптамайды. Айрандай ұйыған елдің арасына іріткі салғысы келетіндердің бұл әрекеттерін имамдар да қолдамайды. Халқымызды мұндай көрсоқырлықтан аулақ болуға шақырамыз.
«Қабақ баба» мешітінің
Бас имамы Руслан Елемесов
Бұл бейбітшілікті бағалай алмағандардың әрекеті
Дін адамзаттың рухани мәдениетінің біріне айналды. Дін арқылы адамдар арасындағы рухани байланысынан, ұлтаралық келісіммен қоғамның беріктігі, адами құндылықты.
Діннің негізгі мақсаты адамдағы барлық адаргершілік қасиеттерді сақтау және оларды дамыту, адами бейнесін сақтап қалуына көмектесу болып табылады.
Кез-келген жан дінді жете түсінсе, дұрыс ұстанса, мұндай лаңкестік әрекетке бармайды.
Ата дінімізде адам өлтіру арқылы ізгі мақсатқа қол жеткізу деген ұғым жоқ. Рухани түсінігі таяз, діни сауаты жоқ жастарды әлдекімдер алдап-арбау арқылы санасын улап өз мақсаттарына қолдануда.
Мұсылман лаңкес бола алмайды, өйткені Құран Кәрімнің Зілзала сүресінде: «Кімде-кім шаңның тозаңындай жақсылық жасаса, соның сауабын алады. Ал, кімде-кім шаңның тозаңындай жамандық жасаса, оның да жазасын тартады», - деп бұйырған. Сондықтан мұндай қылмыстық әрекетке барғандардың әрекетін пәк Исламмен байланыстыра алмаймыз.
«Нұр Ғасыр» облыстық
мешітінің найб имамы
Мұхиддин Омаров
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.06.2016
4563
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру