Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ Қажылық бөлімі хабарлайды: КОНКУРС құжаттарын қабылдау мерзімі ұзартылды

25.04.2016 4522 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабия Корольдігі (САК) Қажылық министрлігінің жаңа талаптарына орай еліміздегі қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында КОНКУРС жариялаған болатын. Конкурсқа қажетті құжаттарды 2016 жылдың 29 сәуіріне дейін ҚМДБ Қажылық бөліміне өткізу туралы талап қойылған. Алайда арнайы комиссия қажылық жұмыстарына қатысты қазіргі жағдайды ескеріп, құжаттарды қабылдау мерзімін 2016 жылдың 16 мамырына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық сапарының сапасы мен қызметін жақсарту, жерлестеріміздің қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында жариялаған КОНКУРС ТАЛАПТАРЫ төмендегідей болатын:

1. Туристік фирманың тіркелгені туралы куәлігінің болуы;

2. Салық комитетінде тіркелгені туралы куәлігінің болуы;

3. Туроператорлық лицензиясының болуы;

4. ҚР аумағында соңғы 5 жыл ішінде қажылық және умра сапарын ұйымдастырғаны жайлы тәжірибесінің болуы;

5. Өз қызметі аясында САК қажылық министрлігінен (мухаләфә/ереже бұзу) немесе ҚМДБ тарапынан ереже бұзғаны туралы ескертпенің болмауы;

6. ҚР аумағында кемінде халыққа сапалы қызмет көрсететін офисінің болуы;

7. САК Қажылық министрлігінің жаңа талаптарына сәйкес, Хадж чек (қажыларды Жидда-Мекке-Мадина қалаларына тасымалдау және Мина мен Арафат жазығындағы шатырларда орналасу үшін төленетін жарна) қаржысының кемінде 300 кісіге төленгендігі туралы түбіртектің болуы;

8. САК Азаматтық Авиация Комитетінің аккредитациясынан өткен Әуе тасымалымен айналысатын «Эйр Астана» немесе «Флай Нас» әуе компанияларының операторларына билет қаржысының кемінде 300 кісіге 30% (пайыз) төленгені туралы түбіртектің болуы;

9. Қажылық миссиясына кемінде 300 кісіге төленген жарнаның түбіртегінің болуы міндетті.

Ескертпе:

* Хадж чекке байланысты төлемді САК қажылық министрлігіне қарасты құзырлы мекеменің есепшотына төлеу.

* Әуе тасымалына байланысты төлемді қажыларды тасымалдайтын әуе компанияның ресми операторының есепшотына төлеу.

* Қажылық миссиясына қатысты төлемді ҚМДБ қаржы бөліміне төлеу.

* Аталған құжаттар мен түбіртектер ҚМДБ Қажылық бөліміне 2016 жылдың 16-шы мамырына дейін өткізілуі тиіс және конкурстан өткен туристік фирмалар мен ҚМДБ арасында екі жақты келісімшарт жүргізіледі. 

ҚМДБ Қажылық бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру