Бүгін Астана қаласында «2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алдын ала қорытындылары туралы» халықаралық конференция өтті.
Конференция жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, БҰҰ-ның Қазақстандағы Резидент-Үйлестірушісі Норимаса Шимомура, Орталық Азиядағы «БҰҰ Әйелдер» көпжақты бөлімінің директоры Илейн Конкиевич, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚМДБ төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз, министр орынбасарлары, депутаттар, т.б. қоғам қайраткерлері қатысты.
Халықаралық конференцияда наиб мүфти Серікбай Сатыбалдыұлы «Қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтардың маңыздылығы туралы» баяндама жасады.
«Расында, бүгінгі басқосуымызға арқау болған тақырып аса маңызды, мәні ерекше деп есептеймін. Өткені, қазақ – анасын ардақтап, қызын құрметтеп, оларға ерекше көңіл бөлген халық. Асыл дініміз Исламда да әйел қауымына үлкен мәртебе берілгенін айрықша атап өткім келеді. Баладан бастап, қоғамды түзеуде, адамдарды тәрбиелеуде ананың рөлі ерекше. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) аналарды ардақтауда күллі мұсылман үмбетіне көркем өнеге қалдырған. Алла Елшісі: «Жәннат – аналардың табанының астында», – деген. Біз, зиялы қауым өкілдері жас ұрпақты ата-анасын сыйлайтын тұлғаға айналдырып, олардың санасына жалпы адамгершілік құндылықтардың дәнін себе беруіміз керек. Осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет», – деді конференцияда сөз алған наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.





ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.04.2016
3685
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру