Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақстанның дін қызметкерлерін аттестациялау аяқталып келеді (ВИДЕО)

19.02.2016 4700 0 пікір

2 жылдан аса уақытқа созылған Қазақстанның дін қызметкерлерін аттестациялау аяқталып келеді. Осы күнге дейін 3 мыңнан астам имамдар мен молдалар емтихан тапсырып, солардың 233-і сынақтан сүрініпті. Бүгін Астана мешіттерінің қызметкерлері өз білімдерін  дәлелдеуді бастады.  

Жанды қажаған талай сұрақпен мешітке келген жамағатқа жауап беріп, уағыз айтатын Астананың имамдары мен молдалары бұл. Кезегін күтіп тұрғандар емтиханға дайындықтарын пысықтап тұр. Өйткені, ғұламалар мен діни басқарма мамандары сынақ қабылдамақ.

Күнделікті жұмыс барысында мешітке келетін азаматтардың сауалдары тек дінге қатысты ғана емес, әлеуметтік, тұрмыстық түйткілдер жайында да болады. Сондықтан, емтиханда Исламдағы сенім мен құқық мәселелерінен бөлек, имамдардың "Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы" заң және еңбек кодексін білуі де тексеріледі.

ҚАБЫЛБЕК ЖҰМАБЕКОВ"Нұр-Астана" мешітінің наиб имамы:

- 3 жылдан кейін Алла қаласа және тапсырылады. Бұдан алған нәтижеміз солай болды. Енді 3 жыл бойы  кітаптар қарап, адам суып қалмастан әрдайым дайын жүру керектігін біз сезіндік.

Аттестациялау 2013 жылы басталып бүгінге дейін 3 мың 32 дін қызметкері сынақ тапсырыпты. Соның ішінде 233 маман біліктілігін дәлелдей алмай, 156-ы қызметінен босатылған. Алайда көбі жасының егде тарту, денсаулық жағдайына байланысты өз өтінішімен жұмысынан алыныпты.

СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ, ҚМДБ наиб мүфтиі, «Əзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:

-  Біздің мақсатымыз "аттестациядан сүріндіңіз енді сізге дін саласында орын жоқ, сізге мұнда жол жоқ" деген сөз емес. Біз имамдарымыздың әлеуетін, білім деңгейін айқындадық. Ендігі мақсатымыз осы мамандарымызды ары қарай жетілдіру.

Бүгінгі таңда мұсылмандар діни басқармасында 545 жоғары білімді және 797 орта білімді имам жұмыс істеп жатыр екен. Келешекте облыстық, қалалық, аудандық деңгейлердегі имамдарына діни білімімен қатар зайырлы оқу орнының дипломын алу міндеттелмек.

Бақытнұр ӘлібайНұркен Тоқмурзин

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру