Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мүфтият: Имамдардың ғаламтормен жұмыс мәселелері талқыланды (ФОТО)

12.02.2016 4642 0 пікір

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында имамдарға арналған семинар-тренинг өтті. Семинарды ҚМДБ-ның Ғаламтормен жұмыс бөлімі ұйымдастырды.

Семинар «Әлеуметтік желіде діни ақпарат тарату әдіс-тәсілдері» бағытында өрбіді. Бұл тақырыпқа ҚМДБ Дін істері бөлімінің басшысы Камалжан Тұрдыбаев, Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, Ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалықов әңгіме өрбітіп, өз тәжірибесімен бөлісті.  

«Қазіргі қоғамда ақпарат көзі ұшы-қиыры жоқ теңіз секілді толассыз көп. Әсіресе, әлеуметтік желі ішінде дінге қатысты ақпарат басым. Әлеуметтік желі – адамдарды бір-бірімен байланыстыратын веб-сайт қана емес, сонымен қатар жастардың мәдениетін, рухани байлығын дамытатын құрал. Біз осы тұрғыдан интернет желілерін тиімді пайдалана білуіміз керек», – деді  Ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалықов.

«Ақпараттық кеңістік жас пен мамандық таңдамайтынын жақсы білеміз. Оның аудиториясы ұшан-теңіз. Сондықтан, ғаламтор бүгінде газет, телерадио сияқты ақпарат құралдарынан бұрын тез ақпарат таратуға мүмкіндік берді. Интернеттің осы мүмкіндіктерін пайдаланып дін қызметкерлері Ислам дінінің асыл қасиеттерін қоғамға жеткізіп, еліміздің рухани байлығына үлес қоса алады»,–деді ҚМДБ Дін істері бөлімінің басшысы Камалжан Тұрдыбаев.  

Семинарға Алматы қаласының, Алматы облысының, Талдықорған өңірінің дін қызметкерлері қатысып, талқыланып отырған мәселеге қызу үн қосып, өзара пікір алмасты.

ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру