Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

31 арна: Теріс бағыттағы діни ұйымдардың жетегіне еретіндердің саны азайып келеді (+ВИДЕО)

26.12.2015 4480 0 пікір

Қазақстанда соңғы жылдары теріс бағыттағы діни ұйымдардың жетегіне еретіндердің саны азайып келеді. Тіпті жат ағымдардың ықпалында болған жүздеген азамат биыл адасқандарын түсініп, дәстүрлі дінге қайта оралыпты. Астанада жастар арасындағы лаңкестік пен экстремизмнің алдын алуға арналған жиынға қатысқан Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осылай деді. 

Ресми органдардың дерегі бойынша бүгінгі таңда 500-ден астам отандасымыз шекара асып, өзге елде қару асынып соғысып жүр екен. Олардың кейбірі елге оралып, лаңкестік ұйымдарға мүше болғандығы үшін сотталды да. Адастық деп өкінгендерімен кеш еді. Ал қазір діндарлар іс насырға шаппай тұрып, қателікті түсіндіру барысында жұмыс істеп жатыр екен. 

ЕРЖАН ҚАЖЫ МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

- Теріс ағымнан дәстүрлі дінге 802 адам қайтты биыл. Және біздің байқауымызша осыдан 4-5 жылға қарағанда жат ағымдарға кетіп қалу үрдісі азайды. 

Бас мүфти айтқан 802 азаматтың аты-жөні, дерегі жасырын. Өткені болашағына кесірін тигізбесі үшін. Мұндай келеңсіздіктің бәрі діннің діңгегі бала кезден басталмады деген ғұламалар бірнеше жылдан бері мектеп бағдарламасына "Дінтану" пәнін енгізуді көтеріп келген болатын. Бұл бастама енді ғана жүзеге асқалы отыр. 

БАЛҒАБЕК МЫРЗАЕВ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті басқармасының басшысы:

- Оқушыларымыздың негізгі санасын қалыптастыру мақсатында 9 сыныптан бастап "Зайырлылық және дінтану негіздері" оқыту кешені дайындалып, келесі жылдан бастап еліміздегі 7 мың 600-ден астам мектептердің барлығында оқытылатын болады. 

Сондай-ақ, бүгінгі жиынға қатысушылар да бірқатар бастамалар көтерді. Жастар үлгі тұтатын, қазақ елін әлемге танытып жүрген Ардақ Назаров мектептердегі бір ғана пәнмен шектелуге болмайды деп бас мүфтиге өз ұсынысын айтты. 

АРДАҚ НАЗАРОВ, ережесіз жекпе-жектен әлемнің 3 дүркін чемпионы:

-  Бас мүфтидің үндеуі болса деп айтқым келіп отыр. Жалпы кәсіпкерлерге жаппай қазақ даласына, әрбір аудандарға, әрбір ауылдарға медреселер салуға үндеу тастасаңыз. Өйткені медреселерде біздің діни іргетасымыз қаланып өседі кішкентай кезден және кейін басқа ағымдарға кетпейді. 

Бұдан бөлек, жастардың діни сауаттылығын арттыру үшін әлеуметтік желілерді мейлінше пайдалану туралы да айтылды. Тіпті, бұл ретте блогерлердің көмегіне жүгінбекші. Шара соңында қатысушылар жастарға үндеу тастады. Білім алу мен дәстүрлі құндылықтарды сақтауға шақырған үндеу мәтіні мүфтият сайтында жарияланбақ. 

Бақытнұр Әлібай, Бауыржан Нарымбетов.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру