Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қасиетті Құрбан айт мерекесінің 1-ші күні (ФОТО)

25.09.2015 4330 0 пікір
Бүгін, қасиетті Құрбан айт мерекесінің бірінші күні «Алтын таға» мал базарында «Әзірет Сұлтан» мешітінің құрбандық шалу рәсімі басталды. Осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Раббың үшін құрбан шал!» акциясының аясында биыл 46 ірі қара құрбандыққа шалынып отыр.

Құрбандық еттері жылдағыдай Елорда маңындағы елдімекендердегі тұрмысы төмен отбасыларға таратылатын болады. Биылғы бағыт көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Жаңажол және Оразақ ауылдары болмақ. Бұдан бөлек «Әзірет сұлтан» мешітіне өтініш білдірген Астана қаласыныңы тұрмысы төмен тұрғындары мен Алматы ауданы әкімдігінің тізіміндегі мұқтаж жандарға, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне және  өтініш білдірген 15 қоғамдық ұйымдарға да таратылады. Құрбандық еттері салынған сөмкелермен бірге азық-түлік салынған арнайы айттық пакеттер де беріледі.

«Алтын таға» базарында түс ауа басталған құрбан шалу рәсіміне ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, ақ батасын арнады. Акцияға қатысушы жамағатпен бірге мерекелік дастарханнан дәм татып, ұлық ғибадат Құрбан айт жайлы уағыз айтты. Биылғы жылы діни басқарма ұсынысына орай бірінші рет мал бағасын тұрақтандырып, халық алғысына бөленген «Алтын таға» базарының бастығы Айдар сағадиұлына өз алғысын білдіріп, марапат қағазын табыстады.

Бұдан кейін Бас мүфти Астана қаласындағы Қарттар үйін зиярат етіп, қамкөңіл ақсақалдарымызды Құрбан айт мерекесімен құттықтап шықты. Құрбандық етінен қарттарымыз дәм татсын деген ізгі ниетпен жасаған Ержан қажы Малғажыұлының бұл ісіне ақсақалдарымыз алғысын білдіріп, мереке күні мәз-мәйрам күй кешті.

Мешіт қызметкерлері Құрбан айт мерекесінің екінші күні жоғарыда аталған ауылдарға ет тарату жұмысына кіріседі. «Раббың үшін құрбан шал!» акциясының шарапаты қанша отбасыға жеткені жайлы алдағы толық ақпарат ұсынатын боламыз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру