Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфти жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысты (ФОТО)

24.08.2015 5735 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы қаласы, Алатау мекенінің тұрғындарын құлшылық үйінің ашылуымен құттықтады.

«Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі амал. Демек Аллаға құлшылық жасайтын орын тұрғызу әу баста Жаратушының әмірімен болатын іс. Осындай мешіт салып, елдің игілігіне берген азаматтарға Алла разы болсын! Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін зәуілім мешіттер салынып, дінімізбен, дәстүрімізбен қайта қауышты. Ендеше біз осы тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз керек. Бұл істі тек бірлік пен имандылық арқылы іске асыра аламыз» , – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Бұл қалың көпшіліктің көптен күткен қуанышы болатын. Сондықтан болар мешіттің ашылу рәсіміне халық көптеп жиналды. Имандылыққа бет бұрған халықтың көбейгенін осы шарадан-ақ көруге болады. Бас мүфти мешіт санының артуы арқылы елімізде дінмен бірге қоғамның да діңгегі нығайғанын жеткізді.

Алатау мекенінде ашылған «Арафа» мешіті экологиялық таза жылу сақтағыш қабырға материалымен жабдықталған. Алла үйінде бір уақытта 1000 адам құлшылық ете алады. Жаңа мешіттің бас имамы болып Алматы орталық мешітінің наиб имамы Әнуар Ізімбайұлы тағайындалды.

ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру