17-18 тамыз күндері Кайр қаласында Мысыр мемлекеті президентінің қолдауымен және Мысыр пәтуа бөлімінің ұйымдастыруымен пәтуа беру мәселелеріне байланысты халықаралық семинар-конференция болып өтті.
Конференцияға 50 мемлекеттен астам елдің муфтилері мен Әзһардың шейхы Ахмад Мухаммад Әт-Тайб, Мысыр мемлекетінің муфтиі Шауқи Ибраһим Аллам, Мысырдың алдыңғы муфтиі Әли Жума сынды басқа да көптеген дін ғалымдары қатысты.
«Екі күнге созылған конференцияда пәтуа беруге қатысты көптеген мәселелер қаралды. Атап айтқанда пәтуа берудің маңыздылығы, пәтуаның қоғамдағы рөлі, пәтуа беруде шектен шығу, күпірге шығару, бір пікірге қатып қалу сынды көпшілік ғалымдардың пәтуасына қарсы келетін, қоғамда тартыс тудыратын пәтуаларға тосқауыл қою, пәтуадан еш хабары жоқ адамдардың пәтуа беруіне жол бермеу сияқты мәселелер жан-жақты талқыға түсті» - дейді, аталмыш конференцияға қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Медет Құрмашұлы.
Сонымен қатар, конференцияға келген дін ғалымдары Мысыр мемлекетінің президенті Абдулфаттах Сисидің жеке қабылдауында болып, Әлемде болып жатқан діни алауыздықтар мен Ислам елдеріндегі қалыптасқан діни ахуал жайлы пікір алмасты.
Исламның атын жамылған бүлікші топтардың әрекетін сынға алған Мысыр президенті өз сөзінде: «Дін – еріккеннің ермегі емес. Ал, пәтуа беру – жауапты іс. Ол – ғалымдардың еншісінде. Дін мәселесінде пәтуа беретін де, сол пәтуа үшін жауап беретін де ғалымдар. Бүгінде әлемде қалыптасқан діни алауыздықтардың негізінде де сол білімі таяз адамдардың дін мәселесінде пәтуа беріп, ғалымсымақтардың негізсіз тұжырым-пікірлерін тықпалауынан болып отыр. Бұл келеңсіздікке біз баршамыз жұмыла қарсы тұруымыз қажет. Ертең қияметте бәріміз сұраламыз, әсіресе сіздер», - деп, ғалымдардың қоғамдағы рөлімен қатар жауапкершілігін де тілге тиек етті.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.08.2015
4222
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру