Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спорт кешенінде алғаш рет Алматы қалалық дін қызметкерлерінің «І Спартакиадасы» өтті.
Сайысқа түскен дін қызметкерлері Гір көтеру, Қол күрестіру, Мергендік, Жақын қашықтыққа жүгіру және Арқан тартыс сияқты спорт түрлерінен бақтары мен баптарын сынады. Оған ҚазҰУ жаттықтырушылары төрелік етіп, ҚМДБ мен Алматы орталық мешіті құрама командасы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті командасы және қала ауданының мешіттерінен 8 команда қатысты.
Спартакиадаға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, елімізге еңбек сіңірген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров, греко-рим күресінен әлем чемпионы Юрий Мелниченко, Алматы ДІБ басшысы Нұржан Бейсенбайұлы және басқа да сыйлы қонақтар қатысып, ойынды тамашалады.
Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек Есмағанбеттің дін жолында қызмет қылып жүрген өз әріптестеріне сәттілік тілеген ашылу сөзімен басталған сайыс бірнеше сағатқа созылды. ҚМДБ-ның «Дін мен дәстүр» жылы аясында «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Қазақстан халқы ассамблеясының 20» жылдығы, «Алматы – Ислам мәдениетінің астанасы 2015» секілді тарихи оқиғалардың құрметіне орайластырылған спартакиаданың көктемнің алғашқы айы Наурыз айында өткізілуі де кездейсоқ емес. Ойын барысында қазақтың игі дәстүрімен шашу шашылып, қатысушылар мен көрермендерге наурыз көже таратылды.
Жарыс қорытындысы бойынша Алмалы ауданы, Төле би мешіті командалық есеп бойынша 1-ші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Арқан тартудан Алмалы ауданының командасы, Гір тасын көтеруден Бостандық ауданы командасының спортшысы Ералы Есенгелдиев, қайталап жүгіруден – ҚМДБ мен Алматы орталық мешіт құрама командасының спортшысы Марс Смағұлов, бұқа тартыстан – Алмалы ауданы командасының спортшысы Орынбасар Сүлейменов, қол күрестіруден – Алмалы ауданы спортшысы Нұрболат Қалдарбеков, Мергендік сайысынан - ҚМДБ мен Алматы орталық мешіт құрама командасының спортшысы Қасым Ашимов үздік нәтижені көрсетті.
Бағы мен бабы қатар келген спартакиада жеңімпаздары құрметті қонақтардың қолынан мақтау қағазын алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Арқан тартудан үздік атанған командаға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы атынан умра қажылығы берілді.
Игі іс шарада Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Ислам діні қоғамның қуатты айбынды болуы үшін, спортқа ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінде бар спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, ұрпағына мұра етіп қалдырған. Осы дәстүрлі сабақтастықты насихаттау мақсатында қазақ күресінен турнир ұйымдастырған болатынбыз. Ал, бұл шара сол игі істің жалғасы»,- деді.
muftyat.kz
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.03.2015
4879
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру