Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасын межелеп 2015 жылдың алғашқы күндерінде Түркияға іссапармен аттанған делегация - ҚМДБ-ның діни оқу ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев, «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керім мен Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры Алау Әділбаев мырзалар бүкіл қазақ елін қуанышқа бөлер олжамен оралды.
ҚР Мәдениет және спорт Министірлігі Дін істері комитеті қазақстандық азаматтардың теологиялық мамандықтары бойынша жоғары діни білім алулары үшін «Мармара», «Стамбул», «Анкара», «Селжұқ» университеттерін діни білім алуға лайықты деп тапқан болатын. Енді осы іссапар барысында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті «Мармара», «Селжұқ», «Неджеттин Эрбакан» университеттерімен келісімшарт жасап, Стамбұл университетімен өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Яғни, осы кезге дейін Мысырдағы «Әл-Азһар» университетімен тығыз байланыста болған «Нұр-Мүбарак» университетінің мүмкіндіктер көкжиегі кеңейді деуге болады.
Келісім шарт бойынша университеттер білім беруді жетілдіру, академиялық алмасу салаларында ынтымақтасуға екі тарап тікелей байланысты және оқытушы-профессорлар құрамы мүшелерінің байланысын дамыту үшін барлық күш жұмылдырылмақ.
Бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық материалдар мен ғылыми басылымдармен алмасу, ғылыми мақсатта лекциялар, зерттеулермен қатар жиналыстар, оқытушылар алмасу, оқып-үйрену мақсатында студенттер алмасу, докторанттар мен магистранттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасау секілді іс-шараларды бірлесе жүзеге асырмақ. Келісімшарт бес жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Осындай биік мақсаттар негізінде келісімшарт жасалған Түркиядағы ең беделді үш жоғары оқу орнының бірі саналатын «Мармара» университетін атап өтсек, 16 факультетінде 83 мың студент білім алады. Оның 3 мыңдайы шет елдіктер, оның 200-ге жуығы отандастарымыз.
Ал өзара түсіністік меморандумына қол қойған Стамбул университеті болса, әлемдегі ең озық 500 университеттің қатарында. Енді «Нұр-Мүбарак» университеті Стамбул университетімен білім беруді жетілдіру мақсатында ғылыми-зерттеу салаларында да бірлесе қызмет етпек. Дипломдық бағдарламалар, жазғы мектептер секілді бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру, академиялық және ғылыми салаларда конференциялар мен курстар секілді бірлескен шаралар ұйымдастыру, студенттер мен бітіруші түлектер алмасу, ғылыми-педагогикалық кадрлар алмасу, академиялық және ғылыми жариялымдармен алмасулар жасалынбақ.
Бұл бірлескен келісімшарт, меморандумдар Қазақстан мен Түркия арасындағы достық қарым-қатынасты дамытып қана қоймай, еліміздегі білім мен ғылымның дамуына үлес қосар алтын баспалдақ болады деген сенімдеміз.
Айша КЕҢЕСБАЙ
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.01.2015
3820
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру