Кеше Астана қаласындағы Ұлттық сурет галереясында ҚМДБ-ның «Дін мен дәстүр – егіз ұғым» атты рухани кеші болып өтті. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасы бойынша «Дін мен дәстүр жылы» деп жарияланған биылғы жылдың қорытынды кешіне қоғам қайраткерлері мен ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, мұсылман мемлекеттерінің елшілері мен облыс имамдары, дінтанушы ғалымдар мен Астана мешіттерінің жамағаты қатысты.
Рухани кештің шымылдығы жақында ғана республикалық азаншылар сайысының жеңімпазы атанған «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкері Еркебұлан Алпысұлының қасиетті Құран Кәрімді тиләуат етуімен басталды. Бұдан соң жиылған жұртшылық назарына ҚМДБ-ның бір жыл ішінде атқарған ауқымды шараларының есебі бейнеролик түрінде көрсетіліп, ақпарат берілді. Жыл басында өткен алқалы жиында Ержан қажы Малғажыұлы мешіт имамдарының атқарар шаруасы мен ұйымдастырар шараларының негізгі төрт бағытын айқындап берген болатын. Солардың бірі уағыз-насихат жұмыстарын жандандырып, жалпақ жұртқа Ислам дінінің игілігі мен ізгілігін жеткізу болатын. Сондай-ақ, теріс пиғылды жат ағымдармен күрес мәселесі де кезек күттірмес күн тәртібіне қойылған-ды. Сонымен қатар, мешіттер тарапынан ұйымдастырылған қайырымдылық шаралары мен діни сауат ашу курстары жұмысы да жұрт алдында жарияланып, есебі көрсетлді.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Дін мен дәстүрдің халқымыздың рухани қос қанаты екенін, еліміз сонау қысылтаяң «Құдай жоқ» деген қоғамда, ата дінінен айырылмай, аман-есен бүгінгі күнге жетуінің негізгі себебі дәстүріміз екенін баса айтты. Сондықтан ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыламыз десек, бұра тартып, бірлігімізге сызат түсірместен, дін мен дәстүрімізді қатар дәріптеуіміз қажет деді. Елдің ертеңі мен ұлттың болашағын ойлаған Дінбасымыз биылғы жылға атқарылған шараларға аз-кем тоқталып өтіп, барша мешіт имамдарын келер жылы да биік межеден табылуға шақырды.
Рухани кештің құрметті қонағы ретінде шақырылған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерғали Жабал ортаға шығып, бұл кештің рухани маңыздылығына тоқталып, құттықтау лебізін білдірді. Бұдан соң сахна төріне көтерілген белгілі айтыскер ақын Дидар Қамиев «Ана жайлы» терме орындап, көрермендердің көңілін босатып, көзіне жас келтірді. Осылайша, алма-кезек алмасқан ән мен күй, құттықтау лебіздері мен баяндамалар аталмыш кештің ажарын кіргізіп, маңызын арттыра түсті. Осы орайда, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбындағы баяндамасы да діттеген нысанаға дөп тиіп, рухани кешке жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты.
Дәстүрімізді дәріптеп, дінімізді ұлықтауға бағытталған рухани кештің тағы бір тағылымды бағдарламасы – Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театр әртістерінің сомдауындағы «Дін мен дәстүр – егіз ұғым» атты сахналық қойылымы болды. Көрермендерге ой салып, ата-ананы сыйлап, ұлттық құндылықтарды қадірлеуді ұтымды жеткізген драма театр әртістеріне жиылғандардың қошаметі де ұзақ болды.
Рухани кеш аясында ұлтымыздың ұлық өнерлерінің бірі айтыс ұйымдастырылып, сахна төріне белгілі айтыскер ақындар Сырым Әуезхан мен Нұрмат Мансұров шықты. Қазақы қалжыңды қарша боратқан екі ақынның тапқыр әзілдері елдің езуін жидырмай, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Төренің үйіндегі төр кілемнен, жарлының жайнамазы мың есе артық», деп жырлаған жас ақындар елді шынайы мұсылман үмбетіне болуға шақырып, жақсылық пен қайырымыдылқ жасауға үндеді.
Кеш соңында ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дін мен дәстүр» жылы қарымды қызмет етіп, насихат жұмыстары мен қайырымдылық шараларына айрықша үлес қосқан азаматтарға «Алғыс хат» табыстап, арнайы марапаттау рәсімін өткізді. Сондай-ақ, діни баспасөз бағытындағы жемісті еңбектері үшін AZAN.KZ және MUSLIM.KZ сайттары да Бас мүфти «Алғыс хатымен» марапатталды.











ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.12.2014
4828
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру