Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов орталық мешітте құрбан шалып, тұрғындарды Құрбан айтпен құттықтады.
Алматы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағанбет жамағатқа уағыз айтып, мерейлі мерекемен құттықтады. «Айт мерекесі – ағайын арасын жақындата түсетін ұлық мейрам. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге тырысады», – деді Нұрбек Әуезханұлы.
Жамағат айт намазынан кейін мешіт ауласына тігілген қазақ үйлерде дастархан басында мәре-сәре күй кешті. Зағиптар мен мүгедектер де дастарханнан дәм татты.
Қаладағы мүгедектер үйінен арнайы келген Анатолий Сушковтың да көңілі көтеріңгі. Оның Ислам дінін қабылдағанына небары бір ай болған екен. «Осындай мерекені тойлау – мен үшін үлкен қуаныш. Барша мұсылманды Құрбан айтпен құттықтаймын. Елімізде жақсылық болсын», – дейді ол.
Мешітке жиналған жамағат нөсер жауынды нұр жауып тұр деп, жақсылыққа балап жатты.
Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт құтты болсын, жамағат!






















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.10.2014
4303
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру