Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ: Дін саласындағы журналистерге семинар-тренинг өтті

21.07.2014 4536 0 пікір

Ақтөбе қаласында журналистерге арналған семинар-тренинг өтті. ҚР Дін істері агенттігінің қолдауымен, «Ұлағат» мәдениет және даму қорының ұйымдастыруымен өткен шеберлік дәрісіне Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысынан келген 50-ден астам бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.  

Семинарды ҚР Дін істері агенттігінің төраға орынбасары Ғалым Шойкин жүргізіп, агенттіктің игі бастамалары мен іс-шаралары, жұмыстары жайлы баяндады. Келелі кездесуде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Аменгелді Айталы, ҚР Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі Айнұр Әбдірәсілқызы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы, «Ұлағат» қорының төрайымы Қамажан Жұмақасова, «Жайық-Ақпарат» баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлжан Елешова, «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының директоры Асқар Сабдин, т.б. тұлғалар баяндама жасап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қоғам қайраткері Амангелді Айталы БАҚ беттерінде Ислам жайлы жағымсыз ақпарат жариялау соңғы кезде үдейе түскенін тілге тиек етті. Ислам туралы күдікті ойдың тууына кейбір тілшілер себепші боп қалуда. «Ислам тақырыбы – өте нәзік дүние. Сондықтан бұл салаға асқан жауапкершілік қажет. Біреудің кінәлі не кінәсіз екенін тек соттың шешімінен кейін ғана айта аламыз. Өкінішке қарай, біздің тілшілер мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып «Ислам лаңкесі» деген ақпаратты айдай әлемге паш етеді. Бұл дұрыс емес», – деді Амангелді Әбдірахманұлы.

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, діни салада қалам тербейтін тілшілердің діни сауаты мен біліктілігін арттыру бағытында бірнеше игі жобаларды ортаға салды. Атап айтсақ:

1.     ҚМДБ мен ҚР Дін істері агенттігінің ұйымдастыруымен жылына бір рет Астанада журналистер форумын өткізу;

 2.     Астана және Алматыдағы ірі оқу орындарында оқитын журналистика факультетінің студенттеріне дәріс оқу, семинар-тренинг жүргізу;

3.     Діни салада жазып жүрген журналистерді «Ислам және өркениет», «Иман» газет-журналдарында, e-islam, muftyat.kz, muslim.kz, azan.kz порталдарында жазғы өндірістік тәжірибеден өткізу;

 4.     Аймақтағы журналистерге онлайн дәрістер ұйымдастыру;

 5.     Діни саладағы журналистерге арналған әдістемелік кітапшалар шығару;

Бұл ұсыныстар модератор Ғалым Шойкин мырзаның тарапынан қолдау тауып, осы бағыттар бойынша нақты жұмыстар жүргізілетіні айтылды.  

Ағабек Қонарбайұлы семинарда Елбасының сөзін мысал етті: «Бұқаралық ақпарат құралдары басқа діндегілердің қасиетті сезімдерін қорлауды ұшындыра түссе, онда бұл журналистердің ерте ме, кеш пе өз нанымдарының қорлануымен бетпе-бет келетіні айқын болады. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырып болмауы керек. Бұл қарапайым қағида, өкінішке қарай, оны журналистер мен саясатшылар жиі бұзады».

Семинарға қатысқан журналистер тренингтің пайдасы мен әсері жайлы пікірімен бөлісіп, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алды. ҚР Дін істері агенттігі Діни басқармамен бірлесіп, болашақта осы бағытта журналистерге семинар ұйымдастыру жоспарланды.

 

www.muftyat.kz  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру