21-қыркүйек Алматы орталық мешітінің бастамасымен дін қызметкерлері Елбасының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылады. Аталған кездесуге ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Алматы орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағанбет және қала имамдары қатысты.
Стратегиялық басты құжатта айтылған руханият саласының міндеттерін айшықтауға арналған шарада ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев сөз алды. Осы орайда Ғылымбек Мәжиев бұл күнді дін қызметкерлері үшін де аса маңызды оқиға ретінде атап өтті. «Елбасы жолдауында айтылған тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктер мен болашаққа жарқын жоспарлар біздің сенімімізді арттырды, қайратымызды жаныды. Біз негізгі мақсат ел жанды жастарды тәрбиелеу екендігін түсінеміз. Сондықтан Жолдауда қойылған басты бағыт – елге деген патриотизм", - дей келе мемлекетіміздің жетістіктеріне тоқталып, жолдаудың болашаққа серпін беретін маңызына кеңінен тоқталды.
Орталық мешіт бас имамы Нұрбек Есмағанбет жолдау бойынша мақсаттарды қысқаша баяндап берді. «Жолдаудағы маңызды бағыт – елге деген патриотизм. Елге деген махаббат діни мәселелердің де оң шешімін табуға өз септігін тигізері анық. Жалпы, барлық құнды еңбектер, жаңалық атаулы тек отансүйгіштік арқылы дүниеге келеді. Негізі, патриотизм мен намыс тамырлас, егіз ұғымдар»,- деді.
Іс-шара барысында имамдар жолдауда айтылған жастар мәселесі, жоғары руханият, қоғамымыздағы өзара ынтымақтастықты сақтап қалу, білім-ғылымға талпыну, отбасы тұғырларын нығайту мәселелерін тілге тиек етіп, соның жолында дін қызметкерлері ат салысу жөнінде ой толғай сөйлеп, жолдаудың негізгі бағыттарын дінмен байланыстыра баяндама жасады. Қоғаммен етене араласып, мұсылман жамағатының әрбірін бір елдің, бір байрақтың, бір сенімнің, бір мәзхаптың астына біріктіру мәселесі қаралды. Жиын соңында ҚМДБ аппарат жетекшісі қорытынды жасап, елбасы жолдауының қай тармағы болмасын игіліктің бастамасы екендігін айта келе, дін қызметкерлері болып ел болашағы үшін аянбай қызмет етуге шақырды.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.01.2014
5020
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру