Бүгін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы төрағалық ететін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің алғашқы мәжілісі өтті.
Мүфтияттың ғалым-дінтанушылары, сарапшылары мен имамдары қоғамдағы өзекті діни мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Ғалымдар төмендегі тақырыптар төңірегінде мәселе қозғады:
Біріншіден, мұсылман қауымының күнделікті тіршілігіндегі сауда, кәсіпкерлік, экономика, қаржы саласы, отбасы, діни құқық пен сенім, т.б. салаларға қатысты пәтуаларды шариғат аясында және қолданыстағы заң талаптарын ескере отырып шығару.
Екіншіден, имамдарды даярлайтын «Нұр» Қазақ-Египет Ислам университетінің оқу бағдарламасын жетілдіру, қажетті пәндер енгізу.
Үшіншіден, дәстүрлі дініміздегі төл мәзһабымыздың негізін қалаған Әбу Ханифаның еңбектерін жүйелі, жоспарлы түрде аударатын, ғылыми жұмыстармен айналысатын орталық ашу.
Төртіншіден, діни оқу орындарының әлеуетін арттыру, дайындық курстарын ашу, ортақ оқу бағдарламасын бекіту.
Бесінші, шетелден шақырылатын теолог-ғалымдарды ҚМДБ сарапшыларының кеңесінен өткізу және жұмысын жіті қадағалау.
Алтыншы, діни сауат ашуға ниет білдірген студенттерге «Нұр» Қазақ-Египет университетінде дәріс беру, жастарды жат ағымның ықпалынан құтқару.
Жетінші, білікті діни кадрлар тобын қалыптастастыру.
Сегізінші, болашақ имамдарға, медресе шәкірттеріне діни ілімнен бөлек шешендік өнер, әдет-ғұрып, психология, менеджмент, Қазақстандағы саяси жүйе, дін және ата заң, дін және қоғам, ресми қағаздармен жұмыс, информатика пәндерінен сабақ беру.
Тоғызыншы, қауіпті діни ағымдар туралы жүйелі уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу.
Басқосуда кеңес мүшелері мәселені талқылап қана қоймай, оның шешу жолдарын ұсынды. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі жанынан үйлестіруші жұмыс тобын құру туралы қарар қабылданды. Сондай-ақ, мемлекеттік мекеме өкілдерімен келіссөз жүргізу ұйғарылып, тоқсан сайын атқарылған жұмыс жайлы есеп беру бірауыздан мақұлданды.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.12.2013
5511
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру