Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дін мамандарын даярлау ұзақ мерзімді талап етеді

03.12.2013 7313 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет еліміздегі білімді дін мамандарын даярлау мәселесін басты назарда ұстауда. Маман даярлау үшін барлық мүмкіндікті қарастыруда. Осы мақсатта 2013 жылдың 29-30 сәуір күндері Түркия Республикасының Дін істері басқармасына ресми сапармен барған болатын. Сапар барысында Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, Бас мүфти Мехмет Гөрмез мырзамен кездесіп, екі бауырлас ел арасында мәдени, діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлесіп жұмыс жасауға келісім жасалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғасырға жуық дін мамандарын даярлаудағы тәжірбиесі бар Түркия Дін істері басқармасы жанындағы имамдардың білімін жетілдіру «Хасеки» оқу орнына қазақстандық дін мамандарын оқытуға қол жеткізді. Онда тек ханафи мәзһабы бойынша тәлім береді. Аталмыш оқу орнына түсу үшін арнайы діни сауаты бар, жоғары діни оқу орнын бітіру талап етіледі. Сол себепті болашақ білікті де білімді дін маманын даярлау мақсатында Діни басқарма Нұр-Мүбарак университеті және 9 медресе түлектерінің ішінен «өте жақсыға» бітірушілерден үміткерлерді таңдап жіберуді жоспарлады.

Келісімге сәйкес «Хасеки» оқу орнына іріктеу емтиханы үшін Түркия Дін істері басқармасы тарапынан 4 кісіден тұратын комиссия келген еді. Емтиханнан 26 түлегіміз сүрінбей өтіп, «Хасеки» оқу орталығына қабылданды. Қазіргі таңда Хасеки оқу орнына түскен шәкірттеріміздің 12-сі Станбул қаласында, 15-і Кония қаласындағы «Хасеки» оқу орнында оқып жатыр.

Хасеки оқу орталығына түскен шәкірттеріміздің барлық шығынын Түркия Дін істері басқармасы өз жауапкершілігіне алып отыр.

Бас мүфтидің тапсырмасына сәйкес қараша айының 26-29 аралығында ҚМДБ-ның Діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі С.Сейтбеков және 8 медресенің директор орынбасарлары, яғни  Аманқұлов Хасан - Астана, Аршабаев Серікбол - Әбу Бәкір Сыддық, Разақов Нұрмұхаммед - Ақтөбе, Наурызов Асылбек - Орал,  Айдаралиев Жамбыл - Әбу Ханифа, Сманов Абдуғаппар - Сарыағаш, Оразов Исатай - Һибатулла Тарази,  Нұрсейтов Зират - Шымкент медресесі директор орынбасарлары Станбул қаласына арнайы іс сапармен барып қайтты.

Станбул қаласындағы Түркия Дін істері басқармасына қарасты имамдардың білімін жетілдіру «Хасеки»     оқу орны мен Құран курстарының оқу бағдарламасы және жұмысымен танысты. Мақсат діни оқу-ағарту саласында ғасырлық тәжірбиесі бар түрік ағайындардың оқу жүйесімен танысып, тәжірбие алмасу.

«Хасеки» оқу орны Түркия Дін істері басқармасына қарасты имамдардың ішінен болашақ уағызшы, облыс, қала, аудан имамдарын даярлайтын академиялық оқу орын. Түріктер үшін аталмыш оқу орнына қабылдау талаптары жоғары. Жүз үміткерден 10 үміткер ғана қабылданады. Оқу мерзімі 3 жыл. Осы мерзім ішінде араб тілін меңгеріп, ақида, фиқһ, хадис, тәпсір пәндері бойынша білікті мамандардан дәріс алады. Жалпы алғанда білікті маман болып шығады. Міне осы оқу орнына Діни басқарма алғаш рет өз мамандарын жетілдіру үшін жолдап отыр. Алдағы уақытта да аталмыш оқу орнына жыл сайын шәкірттер жолдап отыруды жоспарлауда.

Білімді де білікті дін мамандарын даярлау үшін ұзақ уақыт қажет ететіндігі үшін Діни басқарма медресе ұстаздарын арнайы жолдап, тәжірбие алмасып, нәтижелі де жемісті қызмет ету жолдарын жетілдіруді қолға алуда.

Станбул сапары ұстаздарымызға үлкен тәжірбие болды. Ондағы курстардағы тәртіп пен жүйені, тазалықты, тәрбиені көріп, әрбірі ой түйіп қайтты. Иншаллах алдағы уақытта көрген, жинаған тәжірбиелерін іс жүзіне асырады деп сенеміз.

 

С.Сейтбеков
Діни оқу-ағарту
бөлімінің меңгерушісі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру