Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Мұхаррам – тыныштық пен береке айы» атты семинар өтті

12.11.2013 4935 0 пікір

Қарашаның 12 ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Алматы қаласы «Таугүл-3» мешітінде «Мұхаррам – тыныштық пен береке айы» атты семинар болып өтті. Семинар жұмысына ҚМДБ-ның аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, бөлім басшылары Ершат Оңғаров, Сейтбеков Смайыл, Алтынбек Ұтысханұлы, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет және 70- жуық қала мешіттерінің имамдары қатысты.

Семинардың модераторы болып ҚазҰУ-дың PНD доктаранты  Батыржан Мансұров жиынды жүргізді.

Ұйымдастырушылардың ойластыруы бойынша, бұл шараның басты мақсаты имамдардың тәжірибе алмасып, білімі мен біліктілігін жетілдіру болғандықтан өзара сұхбаттасу алаңын жасаудың алғышарттарының бірі «имамдардың білім  деңгейін көтеру» мәселесі жан-жақты қамтылды.

Семинар барысында төмендегі тақырыптарға баяндамалар жасалып, талқыланды: Қазақстандағы мешіттердің атқарған іс-шаралары, Қазақстандағы уағыз-насихат және ғаламтор жұмысы, Алматы қаласы мешіттерінің іс-шаралары, Таугүл-3 мешітінің атқарған іс-шаралары, қазіргі қоғамда имам жан-жақты, білімді және ізденімпаз болуы керектігі жөнінде айтылды.

Семинар барысында қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, еліміздегі діни білім алу мәселелеріне тоқталып, олардың шешу жолдарын талқылады.

ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы мұсылман жамағаты имамға қарап бой түзейтінін, сондықтан да терең біліммен қарулана отырып, асқан даналықпен, көркем мінезбен және жақсы амалмен асыл дінімізді насихаттау әр имамның міндеті екендігін айтты.

Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет: «Әлбетте, әрбір мұсылманның білімді болуы ғибадатының кемшіліксіз орындалуына мүмкіндік береді. Сондықтан да ілім алу, сауатты болу Ислам дінінің ең басты талабы. Бүгінде имамдарымыздың дүнияуи білімі заман талабына сай болуы керек. Олардың құқықтық-саяси, экономикалық білімін жетілдіруі де аса қажет. Сонымен қатар ұлт тарихы, әдебиеті, өнері, мәдениеті, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан сүннет пен дәстүрді жымдастыра үйлестіру арқылы ата дінімізді насихаттау жаһандану заманында ұлтымыздың жұтылып кетпей өз ерекшелігін сақтап қалуына үлкен әсер ететін факторлардың бірі»,-деді ол.

Шара соңында қатысушылар Таугүл-3 мешітінің  ішін аралап, жұмыстарымен танысты.

Алматы орталық мешітінің баспасөз хатшысы

Әсет БЕКТҰР

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру