Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматыда республикалық Құран жарысы басталды (ФОТОРЕПОРТАЖ)

26.10.2013 6471 0 пікір

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматы Орталық мешітте V республикалық Құран жарысы басталды. Игі іс-шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев ашып беріп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тікелей қолдау көрсеткен Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін жеткізді.   

«Құран – адамзатты ізгілікке бастайтын, екі дүние бақытына жетелейтін Алланың кемшіліксіз кемел сөзі. Құран оқыған адамның көңілі шаттыққа бөленіп, жүрегі жай табады. Алланың сөзі айтылған үйде тыныштық орнайды. Әлемнің қаншама ғалымдары Құранның хикметтерін мойындап, өздерінің ғылыми зерттеулері Алланың сөзімен үйлесетінін айтып, халықты ізгілікке шақыруда. Бүгінгі шараның берекелі өтуіне тілектеспін», – деді Ғылымбек Жәдігерұлы.

Еліміздің әр өңірінен келген 87 қари Құранның 5, 10, 30 парасын жатқа оқу іріктеу сынынан өткеннен кейін бас жүлденің байқауына қатысатын болады.

Құран жарысының салтанатты ашылу рәсімінде ҚМДБ Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров осы жылдың 16-17 тамыз аралығында еліміздегі барлық облыстарда іріктеу турлары өткенін тілге тиек етті. Оған республика бойынша 25 жасқа дейінгі 600 қари қатысқан.

Республикалық Құран жарысы 2 күнге жалғасады. Ал Алланың сөзін толық жаттаған жүзден жүйрік шыққан қариларымыз 28 қазанда Алматыдағы Студенттер сарайында бас жүлде, бірінші, екінші орындар үшін бағын сынап, қомақты қаржылай сыйлыққа ие болмақ.

 

www.muftyat.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру