
Бүгін Елордада Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Хатшылығының ХІІ отырысы өтті. Дін өкілдері қатысқан халықаралық басқосуға Хатшылық басшысы ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қайрат Мәми төрағалық етті.
Әлемнің бірқатар елінен келген Хатшылық мүшелері діни төзімділік пен өзара сенім мен келісім туралы ынтымақтастықты нығайтудың тиімді жолдарын талқылады. Пікір алмасуға қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы баяндама жасап, дін өкілдерін ізгі істерге үндеді.
«Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден өзге осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек. Өйткені, адам баласы қайырлы да ізгі ісімен ғана Жаратушыға жақындайды. Қасиетті Құранда: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар...» делінген.(«Маида» сүресі, 2-аят).
2003 жылдан бастау алған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне биыл 10 жыл толды. Осы жылдар аралығында съезд жұмысы жер жүзінде бейбітшіліктің салтанат құру жолындағы дін қайраткерлерінің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, саяси тұлғалардың үлкен жауапкершілігін айқындап берді», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Бас мүфти кез келген адам дінде бүлік тудырып, осы әрекеті арқылы халықтардың бірлігі мен ынтымағына сызат түсірсе, ол түптің түбінде өзі себепкер болған дау-дамайға, жанжалға бетпе бет келетінін сезінуі қажет екенін мәлімдеді. Өйткені, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде әркімге ниет еткен нәрсесі берілетінін, яғни адам баласы не тапса да, ниетінен табатынын ескерткен.
Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы діни жанжал жағдайларында дін қайраткерлері агрессиялық сезімге жол бермей, байыптылық пен байсалдылық, даналық пен сабырлық танытқаны жөн болатынын жеткізді.
Бас мүфтидің пайымдауынша, съезде қабылданған құжаттар мен өзара түсінік пен келісім туралы үндеулер осы саладағы ортақ мәселелерді бірігіп шешуге, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Съезге қатысушылар дінаралық, ұлтаралық қарым-қатынаста күш көрсету, тілге, дінге, нәсілге бөліну, ұлтын кемсіту, лаңкестік әрекеттерді болдырмау сынды өзара келісімге келді. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев діннің қоғамдағы маңызды рөлін ескеріп, әр үш жыл сайын әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының келелі кездесуін өткізуге ұйытқы болып келеді.
«Барша адам баласы жалғыз Жаратушының бар екенін мойындайды және Одан асқан Құдірет Иесі жоқтығына күмән келтірмейді. Бәрімізге жер, дүние, аспан, ғаламшар ортақ. Ендеше, қысқа өмірде араздасып емес, ардақтасып, дұшпандасып емес, достасып, береке мен бірлікте ғұмыр кешкеніміз абзал. Өйткені, имандылық салтанат құрған қоғамда азғындық пен арсыздықтың қайсы түріне де орын қалмасы анық», – деп сөзін түйіндеді Бас мүфти.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.09.2013
4585
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру