Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфти «Дінтұтқа» кітабының тұсаукесерінде

24.09.2013 4655 0 пікір

Суретте: "ДІНТҰТҚА" кітабы

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 10 жылдығына орай Астана қаласында «Дінтұтқа» кітабы оқырманға жол тартты. Құнды еңбекке 2003 жылдан бері өтіп келе жатқан съез туралы, дәстүрлі дін көшбасшыларының пайымды пікірлері, мақалалары мен сұхбаттары енгізілген. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, сөз сөйледі.

Сөз тізгінін алған Бас мүфти қазіргідей алмағайып заманда өркениеттер арасындағы бейбіт келісімді сақтау өзекті мәселелердің бірі екенін, қай діннің өкілі болсын, өз тіршілігінің тыныштығын, тұрақтылықты қолдайтынан тілге тиек етті.

«Осы тұрғыдан алғанда діндер арасындағы диалогты дамыту бүкіл әлемдік жауапкершілік. Ал осы жауапкершіліктің тізгінін Қазақстан сынды мұсылман елінің ие болуы көп жайтты аңғартса керек. Біріншіден, бұл елімізде басқаларға үлгі ретінде ұсынуға болатын сан алуан ұлттар мен діндер арасындағы татулықтың, бейбітшіл халықтың бар екендігін білдіреді. Екіншіден, елдің басым көпшілігі ұстанатын Ислам дінінің кеңпейілділігін, басқалармен ортақ келісімге келе алатындығын көрсетеді», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Бас мүфти айтқандай, діндер арасындағы диалог мұсылманшылыққа да жат дүние емес. Алла тағала пайғамбарға (с.ғ.с.) басқа дін өкілдерімен сұхбат құруға шақырған. Жаратушы Иеміз Құранда былай дейді: (Айт, уа, Пайғамбар) «Уа, Кітап иелері! Қанеки, келіңдер, бізге де, сендерге де ортақ сөзге (тоқтамға)келейік те, Алладан басқа ештеңеге табынбайық, Оған ештеңені серік етіп қоспайық, бір-бірімізді Алламен бірге ие тұтпайық» деп айт. Егер де олар теріс айналса, «Біздің мұсылман екендігімізге куәгер болыңдар» деп айтыңдар» (Әли Имран сүресі, 64-аят). Елбасымыз еліміздің өркендеуіне, мығым мемлекет болып қалыптасуына ерен еңбек сіңіріп келеді. Қол жеткен жетістіктердің бір саласы – діліміздің діңгегі болып табылатын асыл дініміздің, ұлттық болмысымыздың қайта жандануына, әрі қарай дамуына қосқан үлесі де үлкен. Дініміздің жанашыры Елбасының ұйытқы болуымен елімізде өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністік туралы келісімі, қабылданған қарарлар мен уағдаластықтар осы саладағы ортақ мәселелерді бірігіп шешуге, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Құрылтай жұмысына қатысқан діннің беделді өкілдерінің өзара бірлік туралы сөз қозғауы – үлкен жетістік.

Мүфти хазірет «Дінтұтқа» деген атаумен жарық көрген кітапта айтылған ой, парасатты пікір, ұтымды ұсыныстар діндераралық татулықты нығайтуға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Кітаптың тұсаукесер шарасына еліміздің зиялы қауым өкілдері, Сенат депутаттары да қатысты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру