Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тараз: Рухани құндылықтар елдікке бастайды

http://asyldin.kz/ 21.11.2019 452 0 пікір
Тараз: Рухани құндылықтар елдікке бастайды

Облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті және аудан, қала мешіттерімен бірлесе отырып осындай тақырыптағы аймақтық имамдар форумын өткізді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадисінде: «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Сол себепті форум халықты, мұсылман жамағатын білім алып, қоғамға пайдалы болуға, отансүйгіштікке, ізгілікке, бірлікке, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, адамгершілікке үндейді.

Форумының мақсаты – ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері», «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын насихаттау.

Форумды ұйымдастырушы Жамбыл облысының бас имамы Қанат Жұмағұл өз сөзінде: «Мақсатымыз – мұсылман өміріндегі ислам діні құндылықтарының орны мен рөлін арттыра отырып, халқымыздың әлеуметтік жауапкершілігін нығайту. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бастамасына орай қоғамға рухани құндылықтарды насихаттау арқылы көпұлтты Қазақстандағы мұсылман үмбетінің бірлігі мен біртұтастығы жайында ортақ түсінік қалыптастыру», – деді.

Аймақтық имамдар форумына ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Қанат Жұмағұл, Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл, Жамбыл облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, Жамбыл облысы бойынша қала, аудан бас имамдары, өңірдегі 112 дін қызметкері және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері, «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстаздары мен шәкірттері қатысты.

Айтулы іс-шараның құрметті қонағы Жамбыл облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ақсақал: «Қазақстан мұсылмандары Рухани Тұғырнамасы» құжатын қолдай отырып, халықты имандылыққа, отаншылдыққа, жан-жақты білім алуға, еңбекқорлыққа, ауызбіршілікке, әділдікке үндейміз. Имандылық – адамның амалын көркемдейтін рухани жол. Ол – адам бойындағы ізгіліктің көрінісі. «Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Отаншылдық  Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен бастау алады. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю» деп еліміздің игілігі үшін адал қызмет етуге шақырды.