
Ғалым ШОЙКИН: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылық пен умраны туристік агенттіктерден ажыратып, тікелей мемлекет пен мұсылмандар діни басқармасының қарауына беру туралы ұсынысын дін істері комитеті толығымен құптайды.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің айтуынша, дін туралы қазіргі заңға сәйкес, Қазақстаннан кіші қажылыққа барған адамдар идеологиялық қауіпке тап болады. Қазір әзірленіп жатқан терроризм мен экстремизмге қарсы заң жобасы умра қажылығын қатты бақылауға алуды көздейді,-дейді Шойкин.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылық пен умраны туристік агенттіктерден ажыратып, тікелей мемлекет пен мұсылмандар діни басқармасының қарауына беру туралы ұсынысын дін істері комитеті толығымен құптайды. Неге? Себебі, қазіргі заң бойынша, Қазақстанда дінмен тіркелген діни ұйым ғана айналыса алады, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сондай ұйым. Ал, қажылық пен умра бұл тікелей діни рәсімдер, яғни, туризм емес. Сондықтан, заңға жүгінсек, қажылық пен умра тек діни ұйым айналыса алатын мәселе. Оның үстіне, қажылыққа баратын адамдардың идеологиялық және рухани қауіпсіздігі тағы бар. Өзіміз білетіндей, қажылық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей араласуымен өтетін сапар. Діни басқарманың имамдарынан, медициналық қызметкерлер мен басқа да мамандардан құралған топ жыл сайын қажылыққа кеткен азаматтарымыздың амандығын, олардың барғанда жасайтын құлшылығын қадағалап отырады»,-дейді Ғ.Шойкин.
Серікбай қажы ОРАЗ: Діни туризм діни мәселемен айналысатын уәкілетті орган келісімімен жүзеге асырылады.
Бұл туралы елордада өткен «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы аясында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген «Хазірет Сұлтан» мешітінің бас имамы, наиб мүфтий Серікбай қажы айтты.
«Талқыланып жатқан заң жобасында біздің діни ұстаным мен көзқарасымызға байланысты, жалпы азаматтық тұрғыдан алып қарағанда діни сенім мәселесіндегі шектеуді көріп отырған жоқпыз. Өйткені, біз 1992 жылдан кейін алғаш рет 2011 жылы Қазақстандағы діни бірлестіктер жайындағы заңды қабылдаған едік. Осы Заңда да бұл мәселелер ашық баян етілген. Дін ілімін таратуды, миссонерлік жұмыстарды айқындап беретін міндетті түрде діни бірлестік өкілі және олардың діни ілімді тарату үшін белгілі орындары болуы керек деген мәселелер сол Заңда айқындалған», - деді ол.
Екіншіден, бас имамның айтуынша, Қазақстанға келетін діни әдебиеттерді жекелеген азаматтар өзінің қажетінен, қолдануынан артық әкелетін болса, онда міндетті түрде сараптамадан өткізу керек деген талап енгізілуде.
«Үшінші мәселе - діни туризм. Оның мақсаты - қажылық пен ұмыра. Қазақстанда қажылық пен ұмырамен белгіленген бір мекеме айналысу керек деген талап жоқ. Сондықтан қажылық пен ұмыраны Қазақстандағы жекелеген туристік операторлар жүзеге асыра беретін. Енді діни туризм мемлекеттік діни мәселемен айналысатын уәкілетті органның және республикалық діни бірлестік келісімімен солардың ережелерімен жүзеге асырылатын болады. Себебі ұмыраға, қажылыққа барып, сол жақта 2-3 ай дәріс алып, елге келгеннен кейін басқа ағымдарды насихаттау фактілері бар», - деді наиб мүфтий Серікбай қажы.
Ғалым ШОЙКИН: Умраға рухани байып қайтамыз деп кеткен азаматтарымыз осылайша қандай иделогиямен оралатынын ешкім білмейді.
Яғни, комитет төрағасы атап өткендей, қазіргі заңнама бойынша үлкен қажылыққа баратын қазақстандықтардың рухани қауіпсіздігі қадағаланып отыр деуге болады. Қауіп төндіріп тұрғаны мәселе - умра қажылығы.
«Умраға тоқталатын болсақ, бұл жерде белгілі бір қауіп бар. Себебі, умра жыл он екі ай бойы жасауға болатын құлшылық, қазір умра қажылығы заң бойынша қадағаланып отырған жоқ және басқа туристік сапарлардан еш айырмашылығы жоқ деуге болады. Тиісінше, умра қажылығына барам деушілерге кез келген туристік агенттік қызмет көрсетіп жатыр. Туристік агенттік олардың рухан қауіпсіздігін мүлде қаперге ілмей отыр. Яғни, азаматтарымыз жыл бойы умра қажылығына аттанады да 5-10 күн бойы рухани ақпарат іздейді. Олардың жанында еріп жүрген имамдарымыз, болмаса, діни басқарманың басқа қызметкерлері жоқ. Осылайша, «адасып» жүрген азаматтарымыз өздері түр-сипатын білмейтін ұйымдар мен діни ағымдардан ақпарат алуы мүмкін. Умраға рухани байып қайтамыз деп кеткен азаматтарымыз осылайша қандай иделогиямен оралатынын ешкім білмейді. Жат діни ағымның вирусын жұқтыратын алғашқы қадам осы болмақ»,-деп түсіндірді Ғ.Шойкин.
«Бүгінгі күні Дін істері комитеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселені көтеріп, оны бір ізге салу жөнінде ұсыныстар әзірлеген. Яғни, үлкен қажылық сияқты кіші қажылық та Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қадағалауымен жүзеге асуы тиіс»,-деп түйіндеді ол.
ҚазАқпарат
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.09.2016
5776
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру