Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДЕН АУЛАҚ БОЛ!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 04.11.2022 6470 0 пікір
ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДЕН АУЛАҚ БОЛ!

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

  

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Қазіргі уақытта жеке адамға және бүтіндей қоғамға қатер тудырып бара отырған дертті мәселелердің бірі – зиянды әдеттерге тәуелділік. Оның салдары күнәлі істердің жасалуы, қылмыстың көбеюі, отбасында берекетсіздік, бірліктің ыдырауы сияқты мәселелерге әкеліп соғуда. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 90-91-аяттарында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ.   إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللّهِ وَعَنِ الصَّلاَةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Расында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?» – деп айтқан.

Тән – адам баласына берілген Алла Тағаланың аманаты. Аманатқа қиянат жасау мұсылман адамға тыйым салынады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ

 «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген (имам Бұхари).

Тән саулығына мән беріп, денсаулықты күтудің, оған зиян бермеудің мұсылман адам үшін маңызы зор.  Халқымызда: «Денсаулық – зор байлық», «Дені саудың жаны сау», – деп айтылуының мәні де осыда жатыр. Шал ақын бабамыз:

Жігіттер, жаман істі кәсіп етпе,

Досыңды бірге жүрген басып өтпе, – деп, біздерді жаман, зиян істерден сақтануды өсиет еткен.

 

Қазіргі уақытта зиянды әдеттердің түрлері өте көп. Алайда, кең тараған түрлеріне тоқталар болсақ:

Бірінші: Арақ ішу

Жалпы, ішімдік сөзі «ішуге болатын барлық сұйық заттарды» білдіргенімен, діни әдебиеттерде һәм еліміздің әдет-ғұрпында діни тұрғыдан ішуге болмайтын, мас қылатын сұйық заттардың арнайы атауы ретінде қалыптасқан. Фиқһ саласында бұл тақырып жалпы түрде «әл-әшриба» тармағында талқыланады. Қазақ тіліндегі «ішімдік» сөзі де сол мағынада, яғни, діни тұрғыдан ішуге болмайтын, мас қылатын алкогольді сұйық заттарды айтамыз. Ислам діні адамның есін ауыстыратын, ақылын тұмшалайтын ішімдіктерге үзілді-кесілді тыйым салады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّ مُسْكِرٍ خَمْرٌ وَكُلُّ مُسْكِرٍ حَرَامٌ

«Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас ететін нәрсе харам», – деген (имам Әбу Дәуд).

Арақ харам етілгендігі жайында аят түскен кезде арақ бес түрлі нәрседен жасалатын: Жүзім, құрма, бидай, арпа және бал. Осы арада: «Бұлар халал тағамдар емес пе, бұлардан жасалған ішімдіктер қалай харам болады?» – деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Харам екі түрлі болады. Біріншісі: жаратылысынан – харам, ал екіншісі – халалдан жасалған – харам. Әрине бидай, жүзім т.б. пайдасы мол әртүрлі ас түрлері дайындалатын халал өнімдер қатарына жатады. Бірақ ашыту арқылы олардан әртүрлі арақ-шарап жасағанда олар харамға айналып, мұсылман баласына ішуге тыйым салынады.

«Арақ – атаңнан қалған ас емес», – деп айтылғанындай, ата-бабаларымыздың ас мәзірінде харам етілген мұндай ішімдік түрі мүлде болмаған. Оны адамдардың көп пайдалануын, ішімдікке салынуды ата-бабаларымыз ақыр заманның белгілерінен деп білген. Мысалы, ХІХ ғасырда өмір сүрген Тайжан биден: «Ақырзаман қашан болады?» – деп сұрағанда, бабамыз ақырзаман белгілерін айта келіп:

Ашытқан судан асы болады,

Адал-арамды білмейді.

Азған адам осы болады,

Адамда шолақ өмір болады.

Құлшылық деген кәсіп болады,

Ұрлық деген нәсіп болады.

Етпен майды ас демейді,

Шарапсыз ас жемейді.

Ақырзаман осы болады! – деп жауап беріпті.

Арақ – бүкіл жамандықтың кілті. Себебі, арақ ішкен адамға жамандықтың есігі ашылып, оны басқа да күнәлі істер жасауға итермелейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бәни Исраил патшаларының бірі бір адамды әкелдіріп, одан не арақ ішуді, не бір адамды өлтіруді, не зина жасауды, не шошқаның етін жеп немесе оны өлтіруді талап етеді. Ол адам арақ ішуді таңдайды. Арақты ішкен соң қалған істердің бәрін де істейді», – деген (имам Табарани).

Бауыржан Момышұлы атамыз: «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ», – деп айтқан екен. Ендеше, адамның денсаулығына, тіршілігіне, отбасына, қоғамға оразан зиян алып келетін арақ атаулыдан әрбір адам барынша аулақ болуы қажет.

 

Екінші: Шылым шегу

Қазіргі дамыған медицина темекі шегудің адамды «баяу өлімге» алып баратын бірден-бір зиянды зат екенін айтуда. Темекінің адам денсаулығына зияны анықталмай тұрған уақытта бұрынғы ғалымдар оны пияз, сарымсақ сияқты иісінің жағымсызыдығына байланысты мәкруһ дегендігі рас. Алайда, темекінің адам денсаулығына орасан зиян әкелетіндігі анықталғаннан кейін осы күнгі ғалымдардың барлығы бірауыздан темекі шегудің үкімі харам екендігін айтқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 195-аятында:

وَلاَ تُلْقُواْ بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

«Өз-өздеріңді (өз қолдарыңмен) қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерткен.

Темекі түтінінің құрамы бірнеше жүздеген заттардан тұрады. Оның ішінде өте улы никотин, көміртегі тотығы, аммиак, кукіртсутегі, формальдегид, фенол, түрлі қышқылдар, қорғасын, мышьяк, сынап, кобальт, радиоактивті элементтер бар. Осы аталған заттардың кез келгені адам ағзасына зиянын тигізбей қоймайды.

Медицина ғылымының айтуы бойынша темекі шегудің ерін, тіл және өңеш рагына жол ашу, ас қорытуды қиындату, тәбетті қайтару, асқазанда жара пайда болуына әсер ету, өкпе обырына ұшырату, жүрек ауруларына шалдықтыру сияқты көптеген зияндары бар.

Статистикаға сәйкес жылына темекі тартушылықтың салдарынан болатын түрлі аурулардан жер шарында 5 миллион адам қайтыс болады екен. Оның 600 мыңы балалар мен жасөспірімдер. Ғалымдар темекі шегудің адамзатқа келтірген нұқсаны ядролық, химиялық және биологиялық қаруларды бірге алғандағы келген зардаптан асып түсетінін айтқан. Кейінгі жылдары темекі тартушылардың қатары қыз-келіншектермен толыға түсті.

Негізі адам баласының ағзасы темекіні қажет етпейді. Адамның ең алғашқы шеккен темекісі оның басын айналдырып, жөтелдіріп, жүрегін айнытып, басын ауыртып, көптеген жағымсыз әсерлер беретіні осыдан. Демек, адам табиғатының өзі бұл жаман әдеттен сақтандырады. Әйтсе де, жас адамның ересек көріну, қатарынан қалмау, шылымқор болып көрінгісі келуі сияқты орынсыз қалаулары оған шылымды үсті-үстіне шегуге итермелейді. Осылайша адамның темекіге деген табиғи фитрасындағы (болмысындағы) жиренішті сезім жойып, ағзасын темекі түтініне үйретеді. Нәтижесінде оны іздеп тұратындай күйге жетеді.

Темекіге ұқсас кең тараған зиянды әдеттердің бірі – қорқор (кальян) шегу.  Көп адамдар қорқор шегу денсаулыққа аса қауіпті емес деп айтқанымен, дәрігерлер зерттеулер нәтижесінде оның өкпе ауруын, жүрек қан тамырларының ауруын және рак ауруын тудыруы мүмкіндігін анықтаған. 

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау орталығының жасаған талдау қорытындысы кальянның түтіні кәдімгі темекінің құрамындағыдай мөлшерде қара май мен ауыр метал және көмірқышқыл газынан тұратыны анықталған. Түтікшедегі су никотиннің аздаған мөлшерін ғана ұстап қалады. Бір сағат шегілген кальян 100 тал темекі шеккенмен тең болады.

 

Үшінші: Нашақорлық

Адамның өмірде сақтануы қажетті болған ең қауіпті зиянды әдеттердің бірі – нашақорлық.  Есірткі – адамның көңіл-күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті, тыйым салынған химиялық зат. Ол адамның есін алып, құмарлық желігіне ұшыратады, нашақор есірткісіз өмір сүре алмайтын бейшара халге жетеді. Есірткінің негізгі түрлеріне апиын, кокаин, көкнәр, марихуана, ғашиш, трамадол дәрісі және тағы басқалар жатады. Барлығы да адам ағзасы мен психикасына әсер етіп зақымдайды.

Қасетті Құранда айтылған ішімдіктің харам болуының негізгі себебі –адамды мас қылып, ақылынан адастырунда.  Ендеше, есірткінің үкімі де – харам. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайы Умму Сәләмә (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла елшісі барлық мас етуші және буын-буын алып қоюшы заттардан тыйды», – деген (имам Әбу Дәуіт).

Есірткіге тәуелді адамды қоғамда «нашақор» деп атайды. Қазіргі заманда нашақорлықтың салдарынан ақыл-есі кем, мүгедек, аурушаң балалардың өмірге жиі келетіні бәрімізге белгілі.

Наша шегу адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, өзіне тәуелді етеді. Осылайша адам оны басында қызығушылықпен, басқаларға еліктеумен шегудің нәтижесінде, бірте-бірте сатылап тәуелді болып қалғанын өзі де білмей қалады. Қолданбаса ұйқысы бұзылады, буын-буыны сырқырайды.

Нашақорлыққа көбіне адамдар мынадай себептермен душар болады:

  1. Білімсіздік. Есірткінің қаншалықты қауіпті екендігін білмеу және бұл мәселеге жеңілтектікпен қарау.
  2. Қызығу. Қызығушылық, еліктеу, жаман адамдардан үлгі алу арқылы көп жастар түрлі суық жолға қалай түсіп кеткендіктерін байқамай қалады. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейтін халқымыз, жаман қылықты адамды көргенде, одан көңіл суытып, жиренуді насихаттаған.
  3. Ортаның әсері. Дос өте маңызды. Балалар мен жастар жанұядан, мектептен және достарынан әсер алады. Достарының қатарынан қалмау үшін жастар көбінесе достарының қысымына шыдай алмай есірткі қолданады. Осылайша есірткімен алғашқы байланыс көшедегі белгісіз сатушы арқылы емес, достары арқылы пайда болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اَلرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَلِيلِهِ فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُمْ مَنْ يُخَالِلُ

 «Адам – өзінің досының дінінде. Ендеше, кіммен дос болып жүргендеріңе мән беріңдер!», – деген (имам Тирмизи). Сондықтан да, ата-ана тарапынан жасөспірім балаларының кіммен араластындығына, кімді дос тұтатындығына мұқият көңіл бөлінуі қажет.

  1. Әуестік. Бір рет көрейін, сосын тастаймын деп ойлау. Бір рет немесе екі-ақ рет көрудің өзі адамды қайтпас жолға салуға жеткілікті болады.

 

Қисса

Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», – дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол өзі суыра алмай досын көмекке шақырып, әрең дегенде орнынан қозғапты. Данышпан одан да жуан ағашты көрсеткенде, тағы да көптеген адам жиналып қозғалтса да орнынан суыра алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? Жаман әдеттен бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал, нашар қылығың көбейген сайын, ол қанға әбден сіңіп кетеді. Ол кезде көммекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен.

 

Төртінші: Құмар ойнау

Құмар – кездейсоқ сәттілікке үміттеніп ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылу. Шариғатымызда құмар ойындарға қатаң түрде тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 90-аятында:

  يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالْأَنصَابُ وَالْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар!» – деп айтқан.

Аяттағы «мәйсир» сөзі құмар деген мағынаны білдіреді. Яғни біреудің ұзақ уақыт бойы еңбектеніп тапқан ақшасын құмар ойыны арқылы оп-оңай, жеңіл жолмен алғандықтан «мәйсир» деп аталған. Құмар ойнына карта, нарда, ойын автоматтары, рулетка, лоторея, букмекерлік кеңсе т.б. жатады.

Кең таралғаны – лотерея. Оның бірнеше түрі бар. Негізгілері мыналар:

  1. Сандық лотерея: белгілі бір мөлшерде сандар басылған билет ретінде сатылады. Кездейсоқ таңдалатын сандар арқылы жеңімпаз анықталады. Бұл құмар ойынында қатысушылардың кейбірі ғана ұтысқа ие болып, жүздеген, мыңдаған адам шығынға ұшырайды. Ұйымдастырушы тарап пайдаға кенеледі. Сол секілді, үйді, көлікті, кітапты т.б. заттарды лотерея арқылы ойнатып сату, лотереяның осы түріне жатады.
  2. Спорттық лотерея (ойын автоматтары, букмекерлік кеңсе): әртүрлі спорттық жарыстардың нәтижелерін жорамалдап, бәс тігеді. Егер ұтса ставканың мөлшері мен коэффициентіне байланысты ұтысын алады. Ал сәтсіздікке ұшыраса, тіккен ақшасынан айырылады. Лотереяның кез келген түрі құмарға жататындықтан үкімі үзілді-кесілді харам саналады.

Көріп отырғанымыздай құмар ойындарында ұтып аламын деген үмітпенен көп адамдар еңбекпен табылған ақшаларын ысырап етіп, босқа шашады.

Сондай-ақ ысырап – үлкен күнә, әр отбасының берекесін қашыратын жағымсыз пиғыл. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 141-аятында:

وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

 «Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деп, ысырапқорлықтан тыйған. Абай Құнанбайұлы бабамыз болса:

Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның, білсеңіз..., – деп ысырапқорлық жасап, бекерге мал шашуды бес дұшпанның біріне жатқызған.

 

Қадірменді жамағат!

Шариғатымыз адам баласының өзінің пайдасы үшін біздерді жаман әдеттерден тыйған. Өйткені «зиянды әдет» деп аталғанындай, бұл істерді істеу адам баласының дүние-ақыретіне үлкен зиян алып келеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Юнус» сүресі, 44-аятында:

إِنَّ اللّهَ لاَ يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

«Алла адамдарға еш зұлымдық (зияндық) қылмайды. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық жасайды», – деп айтқан.

Алла Тағала баршамызды өзінің бұйырғанын орындайтын, тыйыл дегенін тыйылған, зиянды әдеттерден аулақ болған сүйікті құлдары қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру