Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Кейіннен мүлікті иелену құқығымен жалға алу (Ijarah) үкімі

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 23.06.2026 267 0 пікір
Кейіннен мүлікті иелену құқығымен жалға алу (Ijarah) үкімі

 

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

 

Жалға алу (Ijarah) келісімі негізінде мүлікті иелену – келісімшартқа отырған тараптардың бірі екіншісіне мүлікті белгілі бір мерзімге ақыға жалға беріп, жалға алушы жалдау төлемдерді толық өтегеннен кейін, мерзім соңында мүлікті бөлек келісім негізінде меншігіне өткізу мәмілесі[1].

Бұл келісімшартта мүлік алдымен жалға беріледі. Жалдау төлемі белгіленген мерзімде толық өтелгеннен кейін сауда немесе сыйлық секілді бөлек келісім негізінде жалға алушының меншігіне өтеді. Мұндай қаржы өніміне ғұламалар рұқсат берген[2]. Алайда төмендегі шарттар мен талаптардың орындалуы тиіс: 

  1. Жалға берілетін мүлік жалға беруші тараптың меншігінде болуы шарт;
  2. Жалдау уақыты мен бүкіл мерзімге қатысты жалпы ақының мөлшері шарт жасалған сәтте нақты айқындалуы тиіс;
  3. Жалдау мен сауда (немесе сыйлық) келісімдері бір-бірінен тәуелсіз, бөлек жасалуы қажет. Себебі бұлар үкімдері әртүрлі екі дербес мәміле саналады[3]. Ал шариғатта екі келісімді бір келісімнің ішінде біріктіруге тыйым салынады[4];
  4. Жалдау келісімінде тек жалға беруге қатысты ережелер, ал мүлікті меншікке беру кезінде сауда-саттыққа (немесе сыйлыққа) тән қағидалар мен талаптар сақталуы керек. Бұл жайлы Ислам фиқһы академиясының үшінші отырысында «сыйлыққа» қатысты №13 (3/1) қарарында және бесінші отырысының №44 (5/6) қарарында жалға беруші жалдаушыға мүлікті сатып алуға құқық беретіні айтылған;
  5. Мүлік иесінің жалдау мерзімі аяқталғаннан соң, мүлікті сату немесе сыйға беру уәдесі орындалуы міндет[5];
  6. Уәкілдікке қатысты шариғат талаптары толық сақталуы шарт[6].

 

Шешім:

«Ижара» келісімі негізінде мүлікті иеленуге төмендегі шарттарға сәйкес рұқсат етіледі:

  • Мүлік жалға берушінің меншігінде болуы;
  • Жалдаудың уақыты мен ақысы нақты айқындалуы;
  • Жалдау мен сауда (немесе сыйлық) келісімдері бір-бірінен тәуелсіз, бөлек жасалуы;
  • Жалдау келісімінде тек жалға беруге қатысты ережелер, ал мүлікті меншікке беру кезінде сауда-саттыққа (немесе сыйлыққа) тән қағидалар мен талаптар сақталуы;
  • Жалдау мерзімі аяқталғаннан соң, мүлік иесінің затты сату немесе сыйға беру уәдесі орындалуы;
  • Уәкілдікке қатысты шариғат талаптары толық сақталуы шарт.

 

 

 

 

[1] Халид әл-Хафи, «Әл-Ижәрә әл-мунтәһия бит-тәмлик фи дууи әл-фиқһи әл-исләми», 60. «Мәжалләту мәжмағи әл-фиқһи әл-ислами», 12-саны, 1/477. Халид әл-Хафи, «Әл-Ижәрә әл-мунтәһия бит-тәмлик фи дууи әл-фиқһи әл-исләми», 60.

[2] Ислам фиқһи акадамиясы, оныншы отырысы, №110 (4/12) қарары. Хасан Али әш-Шәзили, Ислам Фиқһи Академиясының журналы, 5-отырыс, 4/2647-2648 б.

[3] AAOIFI, «Әл-Мәғәиру әш-шәрғия», 253.

[4] Термизи, №1231.

[5] AAOIFI, «Әл-Мәғәиру әш-шәрғия», 1190.

[6] AAOIFI, «Әл-Мәғәиру әш-шәрғия», 247.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру