Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ШИИТТІК БАҒЫТТАҒЫ АҒЫМДАР

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі muftyat.kz 14.11.2023 2109 0 пікір
ШИИТТІК БАҒЫТТАҒЫ АҒЫМДАР

«Шиа» сөзі еру, жақтау деген мағынаны білдіреді. «Шиа» сөзі – «Хазірет Али халифа болуға лайық» деп білген мұсылмандар шоғырына берілген атау. Негізінде «шиа» бағытының шығуына саяси қайшылықтар себеп болған. Шииттер халифалық пен имамдық мәселесінде ақидаға байланысты өзара келіспей, түрлі ағым мен тармақтарға бөлінді. Негізінде олар басты төрт ағымға бөлінеді. Олардың өзі өз арасында жиырмаға жуық тармаққа тарайды. Шиитік ағымдарының бәрі дерлік имамдық пен халифалықтың Хазірет Алиге тән екенін бірауыздан қабыл етеді. Ал кейінгі имамдар жайында ортақ пікірге келе алмай, әр ағым өз имамдарын белгілеп алған.

                                                                                  Имамия («Исна ашария»)


Бүгінгі күнгі Иран, Ирак, Кувейт, Пәкістан, Ливан және Әзірбайжандағы шииіттік топтар, негізінен, Имамия мәзһабын ұстанушылар болып табылады. Хазірет Али мен оның ұрпақтарының имам болып тағайындалуын Исламның парыздарының бірі ретінде қарастырғандықтан бұл мәзһаб Имамия деп аталды. Сонымен қатар, бұл мәзһаб Хазірет Али мен оның ұрпақтарынан он екі адамды имам деп қабылдағандықтан кейде «он екіншілер» («исна ашария») деп те аталады. Имамия мәзһабының он екі имамы мыналар: Али ибн Әбу Тәліп, Хасан ибн Али, Хусейн ибн Али, Али ибн Хусейн, Мұхаммед Бақыр ибн Али Зәйнул Абидин, Жағфар Садық ибн Мұхаммед, Мұса Қасым ибн Жағфар, Али Риза ибн Мұса, Мұхаммед Тақи ибн Али, Али Наки ибн Мұхаммед, Хасан Аскари ибн Али Наки, Мұхаммед Маһди ибн Хасан Аскари. Имамия өкілдері он екінші имамды қазіргі күні де тірі деп біледі. Имамия мәзһабының негізгі саяси ұстанымы мемлекет басшысы діни жолмен тағайындалуы керек деген көзқарасымен ерекшеленеді. Имамия мәзһабы Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күйеу баласы әрі немесе інісі Хазрет Али мұсылмандардың ең беделдісі (абзалы) болғандықтан, оны имам болуға бірден-бір лайықты тұлға деп біліп, имамдық одан арықарай оның ұрпақтарына тиесілі деп түсінді, сондай-ақ мемлекет басшысын халықтың сайлау арқылы таңдауын жоққа шығарды.

Имамия мәзһабы өкілдері Хазірет Алиды екі халифа Әбу Бәкір мен Омардан да мәртебесі жоғары деп санайды. Имамия мәзһабының діни көзқарастары олардың саяси ұстанымдарының негізінде пайда болған. Тәухид, Алланың сипаттары, пайғамбарлық, ақырет сенімдерінде әһлі сүннет сенімінен өзгешелігі жоқ. Бірақ пайғамбарлық пен кітаптарға деген сенімдерінде бірқатар ерекшеліктері бар. Мысалы, Құранның Хазірет Алиге жаздырған басқа бір нұсқасының бар екендігін және ол кітаптың қазіргі Құраннан бір жарым есе үлкен екендігін айтады. Ал пайғамбарлық сеніміндегі әһлі сүннеттен ерекшеліктернің бірі – сүннет туралы өзгеше көзқарасы. Яғни сүннет он төрт күнәсіз адамның растауымен ғана сахих деп мойындалады. Олар: Алла елшісі, Фатима анамыз, Хазірет Али және қалған он бір имам. Олардың қатысуынсыз жеткен сүннеттер әлсіз саналады. Имамия мәзһабының діни ғибадаттары мен қоғамдық қатынастарды реттеуші құқықтық үкімдері Жағфар Садықтың көзқарасына негізделген. Сондықтан олар кейде «Жағфария» деп аталады.

Имамияның он екінші имамы Мұхаммед Махдидің ғайып болуынан (873 ж.) кейін ол мәзһаб ретінде таныла бастады. Әуелі саяси топ ретінде пайда болып, кейін діни мәзһабқа айналған Имамия пікірелері өз кезегінде фатимиттер, буфейхиттер, сафафидтер мемлекетінің қалыптасуына түрткі болды. Имамия мәзһабы қазіргі Иранның ресми мәзһабы саналады.

 

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру