Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДЕОБАНДИ ҚОЗҒАЛЫСЫ

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі muftyat.kz 24.04.2023 2953 0 пікір
ДЕОБАНДИ ҚОЗҒАЛЫСЫ

Деобанди – Британия тарапынан қа­налып отырған Үндістанда пайда болып, Оңтүстік Азия мен Батыс елдерінің ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылмандар арасында кең тараған қозғалыс. Бұл жамағаттың негі­зін 1866 жылы үндістандық Мұхаммед Қасым Нанаутауи (1833-1883), Рашид Ахмад Ганго­хи (1829-1905) қалаған. Олар рухани бастау ретінде Монғол империясы тұсындағы ре­форматор, ғалым Шах Уалиуллаһтың көзқа­растары мен уаһабилік ұстанымдарды арқау еткен.

Бірінші кезекте сол кезде Ұлыбрита­ния бодандығында болған Үндістанның сол­түстігіндегі Деобанд елдімекенінде «Дарул-У­лум» діни мектебі ашылады. «Деобанди» мек­тебі әуелде отарланған мұсылман елдерінде Исламның фундаменталды негізін қайта қал­пына келтіру, сондай-ақ мұсылман қоғамын Батыстың құндылықтары мен ықпалдарынан та­зарту мақсатында құрылды.

Деобанди идеологиясы осы мектеп жақтастарының белсенді насихатымен Үн­дістанмен көршілес Пәкістан және басқа да мұсылмандар тұратын көптеген елдерге кеңі­нен таралды. Бүгінде Үндістан, Пәкістан, Ау­ғанстан, Бангладеш және Азия, Африка, Еу­ропа елдерінде олардың 15 мыңнан аса мед­ресесі және бірнеше университеті жұмыс істеуде. Осы оқу орындарында тәлім алғандар, сондай-ақ осы мектептің ұстанымын қолдайтындар «део­бандтықтар» деп аталады.

Мәзһабта деобандтықтар ханафи жолын ұстанады. Бірақ діни сенімде нақты матури­дилік немесе ашғарилікты ұстанады деп айту қиын. Сонымен қатар деобандтықтар сәлә­филік-уаһабилік ақиданы ашық теріс деп сана­майды.

Деобандилер жақтастастары мәуліт секілді дәстүрлі діни мерекелерді тойлауға, әулие деп саналған адамдардың кесенелеріне зиярат етуге қарсы. Бұлар олар үшін бидғат болып есептеледі. Олар теледидар көруге, музыка тыңдауға, суретке түсуге қатаң тыйым сала­ды, саясатқа араласып, діни негізделген саяси партиялар арқылы белсенді жұмыс жасайды.

Сонымен қатар Қазақстан үшін деобан­дилер ұстанымы біздің қоғамда қалыптасқан мәдени және әлеуметтік құндылықтарға сәй­кес емес. Себебі деобандтықтар қазақ халқы­ның көптеген әдет ғұрыптары мен салт-дәс­түрін дінге қайшы қойып, бидғат ретінде қа­райды. Олардың еркек пен әйелдерінің киім кию үлгісі де өзгеше. Тұрмыстық жағдайы мен іс-әрекеті де біздің халықтың дәстүрінен, әдет-ғұрпынан ерекшеленеді. Деобан­ди өкілдері әйел затына тым қатал қарым-қа­тынасы үшін халықаралық ұйымдар тарапы­нан айыпталған.

Сондай-ақ, деобандтықтар басқа діни ағым өкілдеріне, әсіресе шииттерге қаталдық әрі төзімсіздік танытады, ал олардың тым ради­калдылары шииттерді бидғатшы әрі діннен безген (кәпір) деп санайды. 1980-90 жылдары деобандтардың Үндістанда сопылық жолын ұстанып, ұлттық ғұрып-әдеттерді құптайтын исламдық «Барелуи» қозғалысымен және шииттермен діни негізде дауласып, бірнеше рет қарулы қақтығыс ұйымдастырғандығы тіркелген.

Деобандилер қозғалысы діни негізде сая­силанған деп айтуға болады. Пәкістан, Үн­дістан және Бангладеште олардың ресми тіркелген партиялары бар. Олар: «Джамиат Улема-и-Хинд», «Джамиат Улема-и-Ислам», «Маджлис-и-Ахрар-и-Ислам», «Партия Ах­рар» (Индия), «Сипах-и-Сахаба Пакистан», «Хефазат-и-Ислам Бангладеш» және басқалар. «Лашкар-и-Джангуи», «Талибан», «Техрик- и-Талибан», «Пакистан», «Сипах-и-Сахаба» сында «Деобанди» жамағатымен байланысты әскери жасақталған бірнеше ұйымдар қару­лы конфликтілерге жауапты болған. Деобан­дилік «Харакат әл-жиһад әл-исламия» қазір Кашмирді Пәкістанға толықтай қосу үшін қарулы және идеологиялық күрес жүргізуде.

 

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру