Құрбан айт – мұсылман үмбеті үшін ұлық әрі рухани мәні терең мерекелердің бірі. Бұл күндер – Алла Тағалаға жақындау, шүкіршілік ету, қайырымдылық жасау және қоғамдағы мейірімділікті арттыру кезеңі. Қазіргі таңда, әсіресе қалалық ортада, бұл мерекені өткізу тек діни рәсімді орындаумен шектелмей, оны мәдениетті, жауапкершілікпен және қоғамдық талаптарға сай ұйымдастыру маңызды болып отыр. Осы мақалада қалалық жерде құрбан шалу мәдениеті, тазалық пен қауіпсіздік мәселелері, етті үлестіру әдебі және отбасы тәрбиесіндегі рухани маңызы кеңінен қарастырылады.
Құрбан шалу – жай ғана мал сою емес, ол шариғат талаптарына сай орындалатын жауапты құлшылық. Осы орайда жыл сайын Құрбан айт қарсаңында республикалық қасапшылар семинарлары өткізіліп келеді. Бұл семинарларда құрбан шалу рәсімін шариғат әдебіне сай орындаудың маңыздылығы, негізгі қағидалары мен талаптары кеңінен түсіндіріледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде құрбан шалатын орындарды дайындау, қауіпсіздік пен тазалық шараларын сақтау, сондай-ақ қасапшыларды оқыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл – құрбан шалудың тек діни ғана емес, қоғамдық маңызы зор екенін көрсетеді.
Арнайы белгіленген орындарда құрбан шалу
ҚМДБ тарапынан жыл сайын ұлық мереке қарсаңында барлық өңірлерде арнайы брифинг өткізіліп, жергілікті әкімдіктермен бірлескен түрде құрбан шалуға арналған орындар белгіленеді. Қалада арнайы белгіленген орындарда мал сою – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осындай жерлерде санитарлық талаптар сақталып, ветеринарлық бақылау жүргізіледі және қалдықтарды жою жүйесі жолға қойылған.
Ал көпқабатты үйлердің аулаларында немесе бейімделмеген жерлерде мал сою – қоғам талабына да, Ислам әдебіне де қайшы. Бұл әрекеттер басқа тұрғындарға қолайсыздық туғызып, қоғамдық тәртіпті бұзуы мүмкін. Сондықтан әрбір мұсылман осы мәселеге саналы түрде мән беріп, белгіленген орындарды таңдауы тиіс.
Тазалық және экологиялық жауапкершілік
Исламда тазалық мәселесі үнемі бірінші кезекте. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы», – деген.
Сондықтан қалалық жерде құрбан шалу барысында тазалық мәселесі ерекше маңызға ие. Қан, ішек-қарын және басқа да қалдықтарды бейберекет тастауға болмайды. Олар міндетті түрде арнайы орындарға жиналып, тиісті тәртіппен жойылуы қажет. Бұл – тек санитарлық талап емес, шариғаттың да маңызды қағидаларының бірі.
Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау – әрбір мұсылманның міндеті. Қалдықтарды дұрыс жоймау экологиялық зиян келтіріп қана қоймай, қоғамда ислам дініне қатысты теріс пікір қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан тазалықты сақтау – біздің дініміздің көркемдігін көрсетудің бір жолы.
Қоғамдық тәртіп және көршілік әдеп
Құрбан шалу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндеттердің бірі. Басқаларға кедергі келтірмеу және қоғамдық орындарды ластамау – мұсылман әдебінің ажырамас бөлігі.
Әсіресе көпқабатты үйлердің маңында немесе адамдар көп жүретін қоғамдық жерлерде құрбан шалудан аулақ болу керек. Бұл – өзгенің құқығын құрметтеудің нақты көрінісі. Сол себепті, малды сою кезінде көршілерге немесе айналадағы адамдарға психологиялық немесе физикалық қолайсыздық келтірмеу маңызды.
Қасапшыларға қойылатын талап
Құрбан шалу кезінде малды қинамау, оны азаптамай сою – шариғаттың негізгі талаптарының бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар. Алдын ала пышақты қайраңдар, жануарды қинамаңдар», – деген (Термизи, №1409).
Осы талаптардың дұрыс орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Құрбан айт қарсаңында жыл сайын республикалық қасапшылар семинары өткізіледі. Семинар барысында құрбан шалу рәсімін шариғат әдебіне сай орындаудың маңыздылығы, негізгі қағидалары мен талаптары кеңінен түсіндіріледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен барлық өңірде құрбан шалатын орындарды әзірлеу, қауіпсіздік пен тазалық шараларын сақтау, сондай-ақ қасапшыларды даярлау және оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу жүйелі түрде қолға алынған. Бұл бастамалар құрбан шалудың жоғары деңгейде, шариғи нормаларға сай әрі жауапкершілікпен орындалуына мүмкіндік береді. Өйткені құрбандық малын сою – тек техникалық әрекет емес, үлкен жауапкершілік пен рухани дайындықты талап ететін құлшылық.
Құрбан етін үлестіру әдебі
Құрбан шалынғаннан кейін оның етін дұрыс үлестіру – шариғаттағы маңызды амалдардың бірі. Сүннет бойынша ет үш бөлікке бөлінеді: бір бөлігі – өз отбасына, екіншісі – туыстар мен көршілерге, ал үшінші бөлігі – мұқтаж жандарға беріледі. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», – деген.
Құрбандықтың етін ұзақ сақтамай, мүмкіндігінше тез таратқан дұрыс. Әсіресе ауа райы ыстық кезде ет тез бұзылып кетуі мүмкін. Бұл жерде ең бастысы – ниет. Құрбандық шалу – мақтану немесе көрсету үшін емес, шынайы ықыласпен жасалуы тиіс.
Мұқтаж жандарға құрметпен қарап, олардың абыройын сақтай отырып көмек көрсету – ислам әдебінің көрінісі.
Отбасы және рухани тәрбие
Айт күні отбасымен бірге дастархан басында жиналу, үлкендердің батасын алу, туыстар мен көрші-қолаңды зиярат етіп, бір-біріне ізгі тілек айту – мерекенің одан әрі шырайын ашып, сауабын еселейді.
Пайғамбарымыз хадисінде: «Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер», – деген (Ибн Мәжа, Табарани).
Сонымен қатар балаларды қайырымдылыққа баулу өте маңызды. Оларды ет таратуға бірге апарып, мұқтаж жандарға көмектесуді көрсету – ең тиімді тәрбие.
Онлайн құрбандық – уақыт талабы
Қазіргі таңда құрбан шалудың онлайн түрі де кеңінен дамып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн құрбан шалуға тапсырыс беруге болады. Бұл қызмет арқылы құрбандық шариғат талаптарына сай арнайы орындарда орындалып, бейнетүсірілім тапсырыс берушіге жіберіледі. Ал еттері мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Бұл – уақыт талабына сай, ыңғайлы әрі сенімді жолдардың бірі.
Қорыта айтқанда, қалалық ортада құрбан шалу – бұл тек рәсім емес, сонымен бірге қоғамдағы өз орнымызды түсіну, жауапкершілікті сезіну деген сөз.
Мереке бізге тек мал союды емес, сонымен бірге өз істеріміз бен әрекеттеріміздің адамдар мен ортаға қалай әсер ететінін бағалауды үйретеді. Қаладағы қарбаласта да әрбір әрекетімізді ойланып жасау, тазалық пен тәртіпті сақтау – мерекенің шынайы мәніне қосылған нақты үлес болып табылады.
Алла Тағала ниеттерімізді қабыл етіп, жасаған ізгі амалдарымызға береке берсін.
Ерболат ЖҮСІПОВ
«Иман» журналы №5
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ерболат ЖҮСІПОВ
«Иман» журналы
25.05.2026
97
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру