Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ СӨЗДІҢ САЛМАҒЫ

Төлеби ОСПАН "Мұнара" газеті 02.08.2020 7195 0 пікір
БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ СӨЗДІҢ САЛМАҒЫ

Бастауыш сыныпқа тексеруге келген әдіскер оқушыларға: «Араларыңда ақылсыз балалар бар ма?» – деп төтесінен сұрақ қояды. Таңғаларлығы, бірнеше бала үнсіз «біз» деп қолын көтереді. Сонда оқушы қыз: «Мұнда тағы екеуі бар, олар қолын көтермей отыр», – деп қойып қалды. Оқу жүйесін тексеруге келген маман екеуіне бұрылып қарап: «Сендер де ақылсыз оқушысыңдар ма?» – деп еді олар ешбір қарсылық көрсетпей бірауыздан: «Иә», – десті. Бұл оқушылар өздерінің ақылсыз екенін қайдан білді? Неліктен өздері жайлы осылай ойлайды? Мұндай ой бала санасына ең бірінші ата-ананың сөзімен сіңеді.

Ақ қағаздай жаны мен санасы кіршіксіз таза балаға үйде әкесі: «Ақымақсың, ешнәрсе түсінбейсің?» деп жекиді. Ал мектепте мұғалім осы сөздерді оқушылардың көзінше айтады. Балалар да ойнап жүріп оларды ақымақ деп мазақ етеді. Нәтижеде баланың түпкі санасында «мен ақылсызбын, ақымақпын» деген ой орныға бастайды. Міне, осылайша әке мен ананың сөзі баланың болмысын қалыптастырады. Ата-анасының аузынан шыққан әрбір лебіз баланың өзі жайлы түсінігін бейнелейді. Бұл сөздер балаға өмірлік жолында бағыт-бағдар беретін нұсқаулық іспеттес қызмет атқарады. Әке-шешесінің сөздері шеңберінде болашағын құрады. Өйткені бала үшін ата-анасының сөзі өте маңызды. Ал енді өзін ақылсыз санайтын бала өмірдегі сәтсіздік пен жеңілудің бір мысалы болатынын айтпаса да түсінікті.

Зерттеу нәтижесі бойынша, бала жасөспірім жасқа жеткенше әрбір жүздеген жақсы немесе жұмсақ сөзге қарсы алты мыңға жуық жаман сөз естіп өседі екен. Бұл дегеніңіз – бала әрбір жақсы сөзге қарсы 6-7 жаман сөз естиді деген сөз. Тәрбие саласының мамандары «осы сөздерге сүйене отырып жасөспірім өзінің келбетін анықтайды» дейді. Ата-ана мен мұғалімнің баламен қарым-қатынасына қарай жасөспірімнің болашағы түзіледі. Бала өз-өзін басқалардың сөзімен таниды. Балаға «сен жақсысың» деп оған сүйіспеншілігің мен мейіріміңді сездірсең әрі оның отбасында маңызды орны бар екенін ұғындырсаң өзінің қадір-қасиеті бар екенін біліп өседі. Бала бұл өмірде өзіндік маңызды орны бар екенін біліп есейеді. Ал енді керісінше, бала тәрбиесінде сабырсыздық танытып, «сен жамансың» деген сияқты сөздер айтып, ешбір мейірім мен махаббатыңды сезіндірмесең, бала менің ешбір қадірім жоқ екен, маңызсыз адам екенмін деп өзін қадірсіз біреу ретінде сезінеді.

Демек ата-ана балаға бір ауыз сөз айтпас бұрын бір мезет ойлануы қажет. Ашу үстінде артық сөз айтуды доғару керек. Бала бір нәрсені бүлдірмей, қателік жібермей тұра алмайды. Бала болған соң бір нәрсені сындырады, бір айтқанды мың рет қайталатады. Өйткені ол – бала. Ал айтылған әрбір жаман сөз – бала санасын зақымдаушы ауыр соққы. Сондықтан баланың әрбір жетістігін «жарайсың», «бәрекелді», «батырым», «алтыным», «құлыншағым» деген секілді сөздермен шабыттандырып, балаға жігер беретін сөздерді айтудан жалықпаңыз. Қателессе, бірден жерден алып жерге ұруды доғарыңыз. «Қателесу – жаман» деген түсініктен арылыңыз. Кейбір ата-ана баланың қателігін қылмысқа теңеуге дейін барады. Бала қоршаған ортаны тану үшін қателесуі қажет. «Айттым, бітті» деген түсініктен арылыңыз. Баламен сабырлықпен сөйлесуді, жалықпай үйретуді, қателескен сайын мейіріміңізді көрсетуден шаршамаңыз. Әрине біраз күтуге тұра келеді, бірақ нәтижесі сізді қуантады.

Ислам тарихында Мехмет Фатих сұлтанның есімі алтын әріппен жазылған. Оның тарих сахнасындағы орны жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіншілеп кеткен. Міне, осы тұлғаны қалыптастырған ата-анасы мен ұстазының сөздері еді. Анасы жас баланы жетектеп теңіз жағасына алып барып, Константинополь қамалын нұсқап: «Сен анау қаланы жеңіп аласың. Мен сені сол күн үшін тәрбиелеймін», - дейді екен. Ал ұстазы дәріс кезінде баланың қос қолынан ұстап, көзіне қарап тұрып Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Константинополь болашақта фатх етіледі. Қаланы фатх (жеңіп алған) қолбасшы неткен тамаша қолбасшы, оның әскері неткен тамаша әскер», - деген хадисін қайталап тұратын. Бұл сөздер баланың қиялынан арманына, арманнан өмірлік мақсатына айналды. Осылайша, ата-ана сөзі баланы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіншілеген даңқты тұлғаға айналдырды. 

Баламен диалог құрып, ой бөлісуді үйреніңіз. Біршама уақыт жұмсалады, бірақ ойлаған нәтижеге жетесіз. Сонымен бірге ең маңыздысы баланың ой-санасы мен жүрегін жараламайсыз. Балаға қаратыла айтқан әрбір сөзіңіз бала үшін маңызды. Бала сіздің сөзіңіз, дәлірек айтқанда сіздің оған берген бағаңыз арқылы әлемді таниды. Сіздің әрбір сөзіңіз – оның тұлғалық болмысын қалыптастыратын кірпіш. Сондықтан балаға немқұрайлы қарап, ашумен және сабырсыздықпен айтылған сөз балаға жасалған қиянат екенін ұмытпаңыз!

 

Төлеби ОСПАН,

Ақтөбе облысының бас имамы

 

«Мұнара» газеті, №14, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру